Қазақстан БҰҰ рейтингінде үздік 20 елдің қатарына енді

Қазақстан БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексінде (UN EGDI) 24-орыннан 16-орынға көтеріліп, алғаш рет ең жоғары рейтингтік санатқа енді деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық сараптамалық порталы

Екі жыл ішінде сегіз сатыға жоғарылаған Қазақстан аталған санатқа енген Орталық Азиядағы алғашқы ел атанды. Қазір еліміз электрондық үкіметті дамыту деңгейі бойынша Корея, Дания, Сингапур, Ұлыбритания, Эстония және АҚШ секілді мемлекеттермен бір қатарда.

БҰҰ дерегіне сәйкес, Қазақстанның индекс көрсеткіші 0,9009-дан 0,9363-ке дейін өскен. Сонымен қатар еліміз Швеция, Германия, Ирландия, Жаңа Зеландия, Австрия және Жапониядан озып шықты.

Рейтингтегі өсім электрондық қызметтер, телекоммуникациялық инфрақұрылым және адами капитал бағыттарындағы ілгерілеудің нәтижесі. Атап айтқанда, мобильді байланыс пен интернеттің қолжетімділігі бойынша Қазақстан 41-орыннан 13-орынға көтерілді. Ал цифрлық сауаттылық көрсеткіші шамамен 1,5 есе артқан.

Үкіметтің мәліметінше, бүгінде мемлекеттік қызметтердің 90 пайыздан астамы онлайн қолжетімді. eGov.kz порталында 16,4 миллионнан астам пайдаланушы тіркелген. 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында электрондық үкімет арқылы 51 миллионнан астам қызмет көрсетілген. Оның үштен екісіне жуығы смартфон арқылы алынған.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында eGov платформасы жаңартылып, мемлекеттік деректер базалары біріктірілді. Сонымен қатар eGov Business, AI-ЦОН және alem.ai жобалары іске асырылып жатыр. Елде Цифрлық кодекс қабылданып, «Жасанды интеллект туралы» заң күшіне енді.

ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл жетістік жекелеген жобалардың емес, мемлекеттік басқаруды жүйелі цифрландырудың нәтижесі.

Айта кетейік, БҰҰ-ның Электрондық үкіметті дамыту индексі екі жылда бір рет жарияланады. Зерттеу 193 мемлекетті қамтып, онлайн мемлекеттік қызметтерді, телекоммуникациялық инфрақұрылымды және адами капитал деңгейін бағалайды. Қазақстан ТМД және Орталық Азия елдері арасында бірінші орында тұр.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика