2022 жылы «Қазселденқорғау» мекемесінің басшысы кезінде ірі көлемде пара алып, 12 жылға сотталған Кәрім Көкірекбаевтың шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішін сот қанағаттандырған деген ақпарат тарады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында жазды.
Дереккөздің жазуынша, тиісті шешімді өткен аптада Алматы облысы Алатау қаласының соты қабылдаған.
Босатылу себебі ретінде бұрынғы шенеунік Қылмыстық кодекстің 75-бабына сәйкес денсаулық жағдайына байланысты мерзімінен бұрын бостандыққа шығу туралы сотқа өтініш жазған. Алайда, бұл шешім туралы әзірге ресми расталмаған. Алматы облыстық сотының баспасөз қызметі дүйсенбі күні нақты түсініктеме беруге уәде еткен.
Айта кетейік, бұған дейін Көкірекбаев Жамбыл облысының әкімі, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысы және «Қазселденқорғау» мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметтерін атқарған.
2022 жылдың желтоқсанында ол «Bazis Construction INFR» ЖШС басшысы Андрей Поплавскийден 396 млн теңге көлемінде пара алды деген күдікпен ұсталды. Тергеу нұсқасы бойынша, ақша Қорғас өзеніндегі қорғаныс құрылыстары бойынша іс жүзінде орындалмаған жұмыстардың актілеріне қол қою үшін берілген (мемлекетке келтірілген шығын шамамен 2 млрд теңгеге бағаланған).
2025 жылдың шілдесінде сот Көкірекбаевты 12 жылға бас бостандығынан айырды. Оның орынбасары Әділет Ахатаев пен компания өкілі Андрей Поплавскийге 11 жылдан жаза кесілді.
Сондай-ақ, жазасын өтеу кезінде Көкірекбаев сот ғимаратында жұбайымен заңсыз кездесу ұйымдастыруға көмектескен айдауылды сатып алғаны үшін де айыпталып, 300 мың теңге айыппұл төлеген.
