Ащы кеспе мен энергетикалық сусыннан кейін жансақтауға түсті

Петропавл қаласында ащы кеспе жеп, артынан газдалған және энергетикалық сусын ішкен ер адам панкреатиттің асқынуынан ауыр халде ауруханаға жеткізілген,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.

Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін шұғыл ота жасап, 12 күн бойы жансақтау бөлімінде емдеген.

Көпбейінді қалалық жедел медициналық жәрдем ауруханасының мәліметінше, науқас бұған дейін де панкреатит ұстамаларын бастан өткерген. Алайда бұл жолы ішінің қатты ауырғанын айтып, медициналық көмекке жүгінуге мәжбүр болған.

Аурухана өкілдерінің хабарлауынша, оқиға қарсаңында ер адам белгіленген диетаны сақтамай, ащы кеспе жеген. Артынша газдалған және энергетикалық сусын ішкен. Түн ортасында іші қатты ауырып, бастапқыда таң атқанша шыдауға тырысқан. Алайда ауырсыну басылмаған соң жедел жәрдем шақырған.

Алғашында науқас хирургия бөліміне жатқызылған. Бірақ денсаулығы күрт нашарлап, дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдаған.Операциядан кейін ер адам жансақтау бөліміне ауыстырылды. Кейін тыныс алуы қиындап, жасанды тыныс алу аппаратына қосуға тура келген. Дәрігерлер мен медицина қызметкерлері 12 күн бойы науқастың өмірін сақтап қалу және жағдайын тұрақтандыру үшін қарқынды ем жүргізген.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика