2026 жылы шілдедегі мәлімет бойынша Алматыдағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында 10,8 мыңнан астам зейнеткер тіркелген,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Алматы қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметінде орталық директоры Сәуле Бекетаева айтып берді.
Баспасөз конференциясында мекеме басшысы орталықтың жұмысы, бағдарламалары және аға буынға арналған жаңа мүмкіндіктер туралы кеңінен ақпарат берді.
Оның берген мәліметінше, 2022 жылы мұнда 833 адам тіркелсе, 2026 жылғы шілдеге қарай олардың саны 10 806 адамға жеткен. Бүгінде орталықтың төрт алаңы жұмыс істейді. Олар орталық бөлімшеде, Медеу және Бостандық аудандарында, сондай-ақ Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайында орналасқан. Бөлімшелерге күн сайын орта есеппен 700-800 адам келеді.
Біздің басты мақсатымыз – аға буынның денсаулығын сақтап, белсенді өмір сүруіне және қала өміріне араласуына жағдай жасау. Орталықтың барлық жұмысы осы мақсатқа бағытталған, – деді Сәуле Бекетаева.
Орталықта аға буынға медициналық-сауықтыру, психологиялық, білім беру, мәдени, дене шынықтыру, еңбек терапиясы, құқықтық және әлеуметтік бағыттар бойынша 70-тен астам қызмет түрі көрсетіледі. Оның ішінде емдік дене шынықтыру, йога, айкуне, цигун, скандинавиялық жүріс, би, хор, қолөнер, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін үйрену, психолог пен дәрігердің кеңесі бар. Алматыда тіркелген зейнеткерлер бұл қызметтердің барлығын тегін алады.
Соңғы жылдары «Күміс университеттер» білім беру бағдарламасына қызығушылық та айтарлықтай артқан. Елдің бес жетекші жоғары оқу орнымен бірлесіп жүзеге асырылатын бағдарлама аясында зейнеткерлер шет тілдерін, цифрлық сауаттылықты, жасанды интеллектіні, мобилография мен киберқауіпсіздікті меңгереді. Бағдарламаға қатысушылар саны 2025 жылғы 651 адамнан 2026 жылы 3 885 адамға дейін өскен.
Сонымен қатар орталық «Агрокраудсорсинг» және «Алматы әжелері» жобаларын, есте сақтау қабілетін дамыту, цифрлық және қаржылық сауаттылық, электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалану сабақтарын, шығармашылық бағыттар мен салауатты өмір салтына арналған бағдарламаларды дамытып келеді.
Орталықтағы маңызды бағыттардың бірі – «күміс еріктілік». Екі жылдан бері белсенді зейнеткерлер қолөнер үйірмелерін, гитарада ойнау сабақтары мен вокалдық кездесулерді өздері ұйымдастырып отыр. Он бес ерікті қызығушылық клубтарын жүргізіп, олардың жұмысына мыңнан астам адамды тартқан. Осылайша, орталық қатысушылары қызмет алушы болумен қатар, тәлімгер, ұйымдастырушы және ерікті ретінде де белсенділік танытып келеді.
Тағы бір маңызды жоба – «Алматы әжелері» бағдарламасы. Оның қатысушылары жеті елде Қазақстанның атынан өнер көрсетіп, түрлі көрсетілім мен халықаралық фестивальдерге қатысты. Олар шетелдік аудиторияға Қазақстанның мәдениетін, ұлттық киімін, дәстүрін таныстырды.
Шығармашылық бағыттар да сабақтармен ғана шектелмейді. Орталық қатысушыларының жұмыстары қалалық, республикалық және халықаралық көрмелерде ұсынылды. Би ұжымдары мен аспаптық ансамбльдер құрылып, екі театр қаладағы театр сахналарында қойылым ұсынып келеді. Олардың репертуарында «Алжир», «Соғыстың соңғы әні», «Әже» және басқа да спектакльдер бар.
Белсенді өмір сүру үшін денсаулыққа қамқорлық жасау ғана емес, қарым-қатынас, білім алу, шығармашылықпен айналысу және өзінің қоғамға қажет екенін сезіну де маңызды. Аға буынның белсенді өмір сүруіне жағдай жасай отырып, біз бүгін адамдарға қолдау көрсетіп қана қоймай, ұрпақтар арасындағы байланысты да нығайтамыз, – деді орталық басшысы.
Осылайша, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы аға буынның белсенді болып қалуына, жаңа нәрсе үйренуіне, дамуын жалғастыруына және қоғамдағы орнын сезінуіне жағдай жасап отыр.
