Елордада Қазақстан социал-демократтар партиясының жиыны өтті. Жиын барысында партия ұстанымдары негізінде елдің қазіргі жағдайы талқыланып, атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып, алдағы міндеттерді айқындады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық- сараптамалық порталы.
Жиын туралы ЖСДП төраға орынбасары Тазабек Сәмбетбай төмендегідей мәлімдеме жасады.
Басқосу аса ауқымды түрде ұйымдастырылғанын айта кеткен де абзал. Жиында бас қосқандар түгел дерлік өз ұсыныстарын берді.
Партия жақтастары мен үзеңгілестер, жастар қанаты мен әйелдер қанатынан келіп түскен ұсыныстар, жеке азаматтардың ойлары түгелдей сараланып алдағы уақыттар жүзеге асатын партиялық бағдарламаның маңызды құралы болады. Себебі тәуелсіз ойлау мен ол жерде айтылған еркін тұжырымдар біздің жұмысымыздың шыңдалуына серпін беретіні анық. Сондықтан барлық ұсынымдар түгел дерлік құжат ретінде қатталды. Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) әрдайым халықтың мүддесін қорғауды басты мақсат етіп келеді. Біздің негізгі қағидамыз – қоғам мен мемлекет өмірінің барлық саласында әділет принципін орнықтыру. Осы тұрғыдан алғанда, соңғы жылдары елімізде жүзеге асырылған реформалар біздің идеологиялық ұстанымдарымызбен үндес екенін атап өткен жөн.
2022 жылдан бастап Қазақстанда жүргізілген саяси өзгерістер аясында Парламент өкілеттігінің күшеюі, Конституциялық соттың қайта құрылуы, жер мен табиғи ресурстардың халыққа тиесілі екенінің конституциялық деңгейде бекітілуі және басқа да жүйелік жаңарулар елдің саяси бағытындағы маңызды қадамдар болып табылады. Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстан», «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаттары да ел дамуының жаңа негізін қалыптастырды,- деп атап өтуге болады.
Кешегі күнгі жаңа Конституцияның қабылдануы – Қазақстан тарихындағы аса бір маңызды белес болды. Жалпыұлттық референдум арқылы бекітілген бұл құжат мемлекеттілікті нығайтуға, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және жаһандық сын-қатерлер жағдайында тәуелсіздікті қорғауға бағытталып отыр. Сонымен бірге, Конституция азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын кеңейтіп, олардың мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндіктерін арттырды.
Бұған дәлел ретінде жаңа Конституцияның кіріспесі дер едім. Ата Заңның басты бетінде-ақ, ел тарихының тереңдігі мен ұлттық болмыстың сабақтастығы ерекше көрініс табуы – үлкен маңызға ие. Бұл қазақ жеріндегі мемлекеттіліктің тарихи тамырын алғаш рет жоғары заң деңгейінде бекіткен маңызды қадам болды. Бұл түсінген адамға, елдігіміздің түп қазығын бекем еткен нақты шешім.
Ал ЖСДП үшін жаңа Конституцияда партиямыздың бірқатар бастамаларының көрініс табуы үлкен жеңіс болып отыр. Партияның ұзақ жылғы жүйелі жұмыстың нәтижесінде бұл жетістікке қол жеткіздік деп толық айта аламын. Бұл біздің идеологиялық бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеп тұрған басты жағдай.
Алайда, қазіргі кезең тек жетістіктерді атап өтумен шектелмейді
Жаңа қоғамдық-саяси жағдайда партиямыздың алдында жаңа міндеттер тұр. Ең алдымен, өзгерген талаптарға сай жаңа бағдарламалық құжат әзірлеу қажеттілігі туындап отыр. Себебі қолданыстағы бағдарлама 2013 жылы қабылданған және ол кезеңдегі саяси ахуал бүгінгі жағдайдан едәуір өзгеше болғаны баршаға аян.
Бүгінде ЖСДП – легитимді парламенттік оппозиция. Бұл партия қызметіне жаңа жауапкершілік жүктейді. Ендігі міндет – жүйелі түрде нақты ұсыныстар енгізіп, елдің тұрақты дамуына үлес қосу.
Жаңа бағдарламада социал-демократиялық құндылықтар – еркіндік, әділеттілік және ынтымақтастық ұғымдары тереңірек ашылып, ұлттық құндылықтармен үйлестірілуі тиіс. Сонымен қатар, жер, оның қойнауы және табиғи ресурстар халық игілігіне толық қызмет етуі қажеттілігі туралы ілкімді ұстанымдар береміз. Бұл мемлекеттік саясат пен Конституцияда көзделген мүмкіндіктерді кеңейтетіні анық.
Осыған байланысты табиғи ресурстардан түсетін табыстың бір бөлігін азаматтар арасында әділ бөлу мәселесі маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл қадам әлеуметтік әділеттілікті қамтамасыз етіп, халықтың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, заңсыз жекешелендірілген активтерді мемлекетке қайтару, ауыл шаруашылығы жерлерін толықтай мемлекеттік меншікте сақтау мәселелері де партиямыздың басым бағыттарының бірі болып табылады.
Қазіргі заман талаптарына сәйкес цифрлық трансформация мен ақпараттық қауіпсіздік мәселелері де ерекше назар аударуды қажет етеді. Азаматтардың жеке деректерін қорғау және цифрлық қауіптерге қарсы тұру – мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі болуы тиіс.Біз осы бағыттарды кең көлемді алып, оңтайландыру жұмыстарымен түбегейлі айналысатын боламыз. Тағы да қайталап айтамын. Бұл біздің партиямыздың бұған дейін де ұстанып келген бағыты болған. Енді жаңа Конституция біздің ұстанымдарымыздың кеңеюіне мүмкіндік жасап отыр. Біз ендігі жере халық мүддесі үшін жұмыс істеуде барынша ынталы болатынымыз анық.
Қорытындылай келе, Қазақстан социал-демократтарының жиыны – партиямыздың жаңа кезеңге аяқ басқанын білдіреді. Бұл – тек қорытынды жасау алаңы ғана емес, болашаққа бағытталған нақты қадам жасауға арналған дәліз болды деп айтар едім.
