Еліміздің оңтүстігінде құны 204 млрд теңге болатын жаңа жолдың құрылысы басталды

Түркістан облысында мемлекет басшысының тапсырмасымен Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысы басталды,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Бұл республикалық маңызы бар жаңа автомобиль жолы өңірдің көлік инфрақұрылымын нығайтып, жолаушылар мен жүк тасымалының қауіпсіздігі мен ыңғайлылығын арттыруға бағытталған.

Түркістан обылсы әкімдігі таратқан мәліметке сай, маңызды жоба арқылы тұрғындардың ұзақ жылдан бері көтеріп келе жатқан жол мәселесі шешімін тауып, көліктік-логистикалық әлеует ұлғаяды

Бұл жоба президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың еліміздегі транзиттік дәліздерді дамыту жөніндегі тапсырмасы аясында жүзеге асырылуда. Мемлекет басшысы биылғы Ұлттық құрылтайда Сарыағаш айналма жолының маңызын атап өтіп, оның сапалы әрі уақтылы орындалуын бақылауда ұстайтынын жеткізген болатын. Сарыағаш – Орталық Азиядағы маңызды транзиттік тораптардың бірі. Алайда қолданыстағы екі жолақты жол тәулігіне 3 мың көлікке есептелген болса, бүгінде оның жүктемесі 18-20 мың автокөлікке жетіп отыр. Соның салдарынан көлік кептелістері мен жол-көлік оқиғалары жиілеп, қозғалыс тығыздығы артқан. Осы мәселені шешу үшін басталған жоба көлік инфрақұрылымын кешенді дамытуға бағытталған. Ұзындығы 102,6 шақырым болатын 4 жолақты жаңа жол бойы барлық қажетті инфрақұрылымдармен қамтылады», — деп атап өтті облыс әкімі Нұралхан Көшеров.

Жаңа жол тәулігіне 13,5 мың көліктің қозғалысын қамтамасыз етеді деп жоспарланып отыр. Жолдың құрылысы 2029 жылы толық аяқталады, жалпы құны – Т204 млрд.

Қаржыландыру халықаралық қаржы институттарының займымен жүзеге асырылады. Сарыағаш қаласының айналма жолы заманауи инфрақұрылыммен қамтамасыз етіліп, төрт жолақты болып салынады. Жолда сегіз көліктік жолайрығы, екі теміржол өткелі, 22 көпір, 21 арнайы учаске, төрт демалыс алаңы, 223 су өткізу құбыры, 26 қоғамдық көлік аялдамасы, төрт жаяу жүргіншілер өткелі, 21 ауыл шаруашылығы техникалары мен үй жануарлары өтетін учаске және бір жол полициясы кешені қарастырылған.

Бұл құрылым көлік қозғалысын қауіпсіз және тиімді етіп, жолаушылар мен жүк тасымалының сапасын арттырады. Маңызды жоба іске асқанда облыстағы Мақтаарал, Жетісай, Шардара бағыттарындағы жолдың сапасы артып, тұрғындар мен жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады. Халықаралық транзиттік қатынас айтарлықтай жақсармақ.

Соңғы жазбалар

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика