Түркістан облысы, Ордабасы ауданына ұйымдастырылған «Балуан тас» экспедициясы тек тарихи-рухани орындарды аралаумен шектелмей, өңірдің экономикалық әлеуетімен де кеңінен танысуға мүмкіндік берді, — деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Экспедиция қатысушылары ауданның индустриялық даму нүктесіне айналған Бадам индустриялды аймағында болып, бүгінде қарқын алған өндіріс ошақтарының жұмысымен танысты. Бұл сапар – Түркістан өңірінде индустрия саласының жүйелі түрде дамып келе жатқанын айқын көрсеткен маңызды сәттердің бірі болды.
Жалпы аумағы 52 гектарды құрайтын Бадам индустриялды аймағы – заманауи инфрақұрылыммен қамтылған өндірістік алаң. Оның ішінде 16,8 гектары инфрақұрылымға бағытталса, 29,2 гектары жобаларды орналастыруға арналған. Бүгінде аймақтың басым бөлігі игеріліп, кәсіпорындар нақты жұмысын бастап кеткен. Қазіргі таңда бос жер телімі небәрі 0,8 гектарды ғана құрайды. Бұл – инвесторларға деген сұраныстың жоғары екенін аңғартады.
Аймақ толыққанды инженерлік жүйелермен жабдықталған. Кәсіпорындар табиғи газбен, электр қуатымен және сумен үздіксіз қамтамасыз етілген. Газ беру қуаты сағатына 2000 м³ болса, электрмен жабдықтау мүмкіндігі 20,5 МВт-қа жетеді, оның ішінде 8 МВт резерв ретінде сақталған. Ал сумен қамтамасыз ету көрсеткіші сағатына 50 м³-ты құрайды. Мұндай мүмкіндіктер өндіріс орындарының тұрақты әрі тиімді жұмыс істеуіне негіз қалайды.
Индустриялды аймақтың инфрақұрылымын дамыту кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда
Бүгінде Бадам индустриялды аймағында жалпы құны 22,6 млрд теңгені құрайтын 8 ірі жоба іске қосылып, 722 жаңа жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында газоблок, алюминий профильдері, болат құю, трактор жасау, көкөніс сақтау қоймасы және темірбетон конструкцияларын өндіру секілді әртүрлі бағыттағы өндіріс орындары бар. Бұл кәсіпорындар өңір экономикасына серпін беріп қана қоймай, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.
Сонымен қатар, қазіргі таңда 6 жоба жүзеге асырылу үстінде. Жалпы инвестиция көлемі 6,7 млрд теңгені құрайтын бұл бастамалар нәтижесінде тағы 471 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Аталған жобалар қатарында балалар ойын алаңшаларын өндіру, металл конструкциялары, жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдары мен жоғары вольтты бағаналар шығару бағыттары қамтылған.
