Елордада референдум өткізу үшін таңнан бері жалпы саны 501 сайлау учаскесі жұмысын бастаған, деп хабарлайды,-Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты жазды.
Таңертеңнен бастап тұрғындар белсенділік танытып, алғашқы болып дауыс берген азаматтар мен алғаш рет дауыс беруге қатысып жатқан тұрғындарға символикалық сыйлықтар табысталуда.
Астанадағы сайлау учаскелерінде тұрғындар үшін жағымды тосынсыйлар дайындалған. Естелік сыйлықтар алғашқы болып дауыс берген азаматтарға, сондай-ақ кәмелет жасына енді ғана толып, алғаш рет дауыс беруге қатысып жатқан жастарға берілуде, делінген дереккөз берген ақпаратта.
Мұндай бастама тұрғындардың белсенді азаматтық ұстанымын қолдауға және маңызды қоғамдық-саяси оқиғаға қатысуын ынталандыруға бағытталған.
Жалпы елордадағы сайлау учаскелерінде шамамен 4 500 сыйлық дайындалған.
