Халықаралық бокс федерациясының шешімімен жерлесіміз, кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы IBF чемпионы атағынан айырылды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы Қазақстан кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков жазды.
«Бүгін, тура бір сағат бұрын, IBF осындай шешім шығарды. Бізге белгілі, IBF-тің қатаң ережелері бар, олар Жәнібекке қатысты шешімде осы ережелерді басшылыққа алып отыр. Олардың хатына сәйкес, Жәнібек Әлімқанұлы 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін чемпиондық атағынан шеттетілді. IBF ережелеріне сай кез келген салмақ дәрежесіндегі чемпион өз белбеуін тоғыз ай ішінде қайта қорғауы керек деп көрсетілген, яғни Жәнібек оны 2026 жылдың 4 шілдесіне дейін қорғауы керек. Қазіргі жағдайға байланысты, 2026 жылдың 5 наурызында IBF директорлар кеңесі титулды дереу бос деп жариялау туралы шешім қабылдады», — деді Ерденбеков.
Ол «бұл жағдай Жәнібектің командасы үшін үлкен сабақ болды» деген пікір білдірді.
«Алайда ол биыл-ақ үлкен рингке бұрынғыдан да мықты болып оралып, жақын уақытта барлық төрт әлем титулын да қайтарып алады. Өз кезегінде Жәнібектің командасы осы іс бойынша апелляциялық шағым да түсіреді», — деп қосты Ерденбеков.
Еске салсақ, 2025жылдың 3 желтоқсандаі Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық орта салмақтағы боксшы Жәнібек Әлімханұлының ағзасынан допинг табылғанына байланысты тергеу жүргізіп жатқанын хабарлаған.
Ал біздің Туризм және спорт министрлігі сол кезде Әлімханұлының допингті қабылдамағанына сенетінін мәлімдеп, оған қолдау көрсететінін айтқан.
