Жамбыл облысы Сарысу ауданында ауа райының қолайсыздығына байланысты төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Облыстық ТЖД берген мәліметінше табиғи апат салдарынан бірқатар бірнеше ғимараттарға зақым келген. Қазіргі уақытта келтірілген шығын көлемі есептеліп жатыр.
Облыстық әкімдіктің берген ақпаратынша, дауыл аудан орталығы Жаңатас қаласындағы тұрғын үйлердің шатырларын жел ұшырып әкеткен. Сонымен қатар, электр желілері үзілген.
Жаңатас қаласына Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев барды.
«Үш тұрғын үйдің шатыры толықтай ұшып кеткен, тағы жеті үйдің шатыры жартылай зақымданды. Сондай-ақ жеті кәсіпкерлік нысанға зиян келді. Ұзындығы 2 шақырым болатын электр желісі істен шықты. Зардап шеккендер жоқ. Коммуналдық қызметтер штаттық режимде жұмыс істеп жатыр, әлеуметтік нысандарға залал келген жоқ» деп жазды әкім әлеуметтік желідегі парақшасында.
Қарашөкеевтің айтуынша, қазіргі таңда келтірілген шығынды бағалау жұмыстары жүргізілуде. Ол тұрғындар мен кәсіпкерлерге қажетті көмек көрсетілетінін атап өтті.
– Апат айтып келмейді. Дегенмен табиғаттың тосын мінезіне әрдайым дайын болуымыз қажет. Аудандық деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Апат салдарын жоюға қажетті қаржы қарастырылады. Зардап шеккендерге барлық қажетті көмек көрсетіледі. Жауапты тұлғалар қалпына келтіру жұмыстарына жедел кірісуі тиіс. Жұмыс бүгіннен басталуы керек. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда, – деді облыс әкімі.
Фото: Жамбыл облысы әкімдігі
