Қоғамды дүр сілкіндірген, дімкәс әкесін өлімші етіп сабаған Түркістан облысының тұрғыны, Алмас Садақбаевқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Істі Түркістан облысының Жетісай аудандық соты қарады.
Оған сот үкімімен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Күдіктіге азаптау және денсаулыққа зиян келтірген деген айып тағылды.
Сотпен анықталғаны:
Сотталушы С. 2020 жылдан бері денсаулығы нашарлап, қозғалуында қиындықтары болған 70 жастағы әкесін жүйелі түрде ұрып-соққан. Салдарынан жәбірленуші физикалық және психикалық азап шегіп, денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілген.
Сотталушының кінәсі өзінің түсініктемелерімен, куәлардың айғақтарымен, аудио-бейне материалдармен, сондай-ақ сот-медициналық сараптамалардың қорытындыларымен толық дәлелденді (алынған жарақаттар орташа ауырлықтағы дене жарақаты ретінде сараланып, өліммен тікелей себептік байланысы жоқ).
Прокурор сотталушыға 6 жыл 2 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
Жәбірленушінің өкілі жеңіл жаза берудісұрады.
Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, жеңіл жаза тағайындауды сұрады.
ҚР ҚК 107-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы бойынша 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
ҚР ҚК 110-бабы 2-бөлігінің 1) тармағы бойынша 4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Сот жаза тағайындау кезінде жеңілдететін мән-жайларды: бұрын сотталмағаны, кінәсін мойындауы және өкініш білдіруі, кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Сот үкімімен С.-ға түпкілікті жаза ретінде 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды,-делінген дереккөз берген ақпаратта.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
