Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық Turkistan газетіне берген сұхбатында жаңа жыл алдындағы Ресей президенті Владимир Путин мен Қазақстанның экс-президенті, бұл күнде зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаевтың Кремльде екеуара кездесуі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Президент өз жауабында екеуара кездесу Назарбаевтың өтінуі бойынша болғанын атап өтті.
Тұрақты түрде өткізіліп жүрген кездесулер бейресми сипатқа ие. Мұны Ресей президентінің өзі де атап өтеді. Таяуда өткен Санкт-Петербургтегі басқосуда Владимир Путин маған Нұрсұлтан Назарбаевты оның өтініп сұрауы бойынша қабылдайтынын айтқан еді, — деді ол.
Сонымен қатар ол, Кремльдегі аталған кездесу де қандай тақырыпта әңгіме болғаны өз басын онша қызықтырмайтынын да айтып өтті. Сондай-ақ өзінің тұңғыш президент туралы жеке көзқарасын да білдірді.
Ондай әңгімелер барысында не айтылғаны маған қызық емес, бұл туралы ешқашан сұрақ қоймаймын.
Ал, Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке басына келер болсақ, мен оны қазіргі қазақ мемлекеттігінің негізін қалаған тұлға деп санайтынымды бірнеше рет айттым. Оның мемлекеттік институттарды және экономиканың нарықтық тетіктерін құру, жаңа астанамызды салу жолындағы еңбегін бәрі біледі. Өзіңізге мәлім, біз Қазақстанды Әділдік, Заң және Тәртіп орнаған ел еткіміз келеді. Сондықтан, ешкімді алаламай, әр азаматтың еңбегін әділ бағалау керек. Бұл еліміздің Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа да қатысты,- деп атап өтті Мемлекет басшысы.
Фото: Ақорда
