Оның қылмыстық әрекеттері нәтижесінде Қазақстанның 6 азаматына жалпы көлемі 100 млн теңгеден астам залал келтірілген, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Күдікті аса ірі мөлшерде бірнеше рет алаяқтық жасаған. Ағымдағы жылдың тамызында күдікті Ресейде ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.
Күдікті 2024-2025 жылдар аралығында Тараз қаласында өзін коммерциялық ұйымның қызметкерімін деп таныстырып, қаражатты инвестициялау арқылы жоғары табысқа уәде беріп, азаматтарды әртүрлі тауарларды көтерме сатып алу және кейіннен сату бойынша бірлескен кәсіппен айналысуға шақырған. Алайда ол өз міндеттемелерін орындамай, алған ақшасын жымқырып, қажеттілігіне жұмсаған. Қылмыс жасағаннан кейін ол жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланған.
Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.
Қолданыстағы заңға сәйкес айыпталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Фото: видеокадрдан алынды.
