Қазақстанның тұңғыш президенті, бұл күнде зейнеткер Нұрсұлтан Назарбаев пен Ресей басшысы Владимир Путиннің Мәскеудегі кездесуін қоғам сан-саққа жүгіртуде. Түрлі болжамдар да айтылып жатыр. Қоғамға айтарлықтай ой салған осы кездесу туралы Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы елге белгілі саясаткерлердің пікірін сұрап, саралап шықты.
Назарбаев пен Путиннің кешегі кездесуінен Қазақстанның болашағына қатысты қандай да бір саяси салмақ беруге бола ма?,-деген сауалға, белгілі саясаткер Серік Әбдірахманов бұл екеуара кездесуден пәлендей саяси астар іздеудің қажеттілігі жоқ деген сыңайда ой айтты.
Меніңше Ресей президенті Владимир Путин біздің тұңғыш президент Назарбаевпен Қазақстанның болашағы немесе өзге де геосаяси жағдайға қатысты пікір алмаспайды. Оған Назарбаевтың пікірі керек те емес. Кешегі баруының бірде-бір себебі, қазіргі Тоқаевтың билігіне «Міне мен Ресей президентімен әлі де жақын достық қарым-қатынастамын,- деген сыңайда қыр көрсеткісі келіп барған болуы керек. Онда да сол ресейдегі кейбір бұрыннан қалған сыбайлас жолдастары арқылы сұранып барып, кірген болар. Оның да Ресейде Путинге сөзі өтетін кезінде Қазақстанды тонауға бірге атсалысқан «жанкүйерлері» де жоқ емес,-дейді С. Әбдірахманов.
Сонымен қатар ол, Назарбаевтың қазіргі бас қатырып жүрген негізгі мақсаты елден 30 жылда тонап алған байлығын артындағы бала-шағасына аман-есен қалдырудың қамы ғана. Сондай-ақ келесі билікке өз адамымды қайтсем де алып келемін деген ойы бар екені рас, деген пікірін де алға тартты.
Ал, белгілі саясаткер Әміржан Қосанов болса, қандайда бір саяси маңызы бар екені анық деген тұжырымын айтады.
Әрине, Путин мен Назарбаевтың екеуара кездесуінің ішкі мән-жайын тек екеуі ғана біледі. Біздікі жай долбар ғой. Бірақ, Путин – бүгінде Украинаға қарсы соғыс ашқан, сол себепті бейбітшіл де өркениетті әлемнен аластатылған агрессор елдің басшысы ғана емес. Ол — Қазақстанмен жеті жарым мың шақырым ортақ шекарасы бар көрші мемлекеттің басшысы. Жасыратын несі бар, Ресей әлі де объективті және субъективті түрғыда біздің елге ықпал ете алатын мемлекет. Сол себепті жалғыз Назарбаев емес, қазақтың кез келген саясаткерінің Путинмен кездесуінің біз үшін ерекше маңызы бар,-дейді саясаткер.
Сонымен қатар Қосанов мырза, Бір нәрсе анық, егер де екеуара әңгіме екі елдің қарым-қатынасын жақсарту немесе билік басында отырған президент Тоқаевтың саясатын қолдау керектігі туралы болса, Кремль өз хабарламасында оны міндетті түрде айтар еді ғой. Ондай ақпарат жоқ. Сондықтан әңгіме сан–саққа жүгіріп, әртүрлі, соның ішінде конспирологиялық, болжамдар айтылып жатыр. Өз басым бұл кездесуді Путин мен Назарбаевтың Тоқаевқа қарсы ақпараттық демаршы деп қабылдаймын,- деген пікірін де қосты.
Осы орайда әлеуметтік желіде пікір білдірген Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи мырза экс-президент пен Путиннің кездесуін жоғарыда Серік Әбдірахманов айтқандай, қазіргі билікке тоқ көрсету болар, деп шамалайтынын жазды.
Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі «қызыл иті» елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?,- дейді Мәжілісмен өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.
Оқырман есінде болса, 2021 жылы желтоқсан айында Назарбаев Санкт-Петербургте Путинмен кездесіп, артынша шамалы күннен соң қаңтар оқиғасы бұрқ ете қалған болатын. Осы кездесудің артында да сондай бір жағымсыз сценарий жатқан жоқ па?,- деген заңды сауал болды. Бұл сауалға жоғарыда пікір білдірген Серік Әбдірахманов, олай болады деп ойламайтынын айтады.
Иә 2021 жылы желтоқсанда кездесті. Ол кезде мен Путин Назарбаевты қолдады деп айта алмаймын. Егер сол кездесуде қолдаған болса Қаңтар оқиғасының нәтижесі құдай бетін аулақ қылсын басқаша болар еді.
Қазір Тоқаев пен Путиннің арақатынасы өте жақсы. Екі ел арасындағы қарым-қатынас пен татулық келісілген құжаттар төңірегінде жүріп жатыр. Сондықтан дәл қазіргі жағдайда Кремль тарапынан біздің елдің саясатына кері әсер ететін сценарий жүзеге асады деп ойламаймын, дейді С. Әбдірахманов.
Саясаткер өз сөзін, бірақ, бұл жерде Назарбаев соңғы кездесуін өзіне қалай пайдаланады деген мәселені де ескеруіміз керек. Меніңше бұл өзі де екінші Қаңтар ұйымдастырмайды. Бұл алдағы Парламенттік құрылымға қатысты референдумға дайындалуы мүмкін, деп жалғастырды.
Қоғамды екіұдай тудырған бұл сауалды Әміржан Қосановқа да қойдық. Саясаткер бұл сауалға бәрі де мүмкін, деген жауап беріп отыр. Және оның бірнеше себептерін де атап өтті.
Меніңше, Қанды Қаңтардың қаупі әлі де сейілген жоқ! Бәрі де мүмкін! Ол үшін әртүрлі алғышарттар, соның ішінде, жалпы экономикалық жағдайдың ушығуы және де ескі Қазақстаннан қалған саяси атавизмдер жеткілікті. Ертеңгі күні сол қиындықтарды ту етіп, атойлап шығар күштерді Назарбаев пен оның маңында әлі топтасып жүрген кландар пайдаланып кетпейді деп кім кесіп-пішіп айта алады?! 2022 жылғы трагедия туралы әңгіме әлі де ашық. Путиннің оған қатысы болды ма, жоқ па, білмеймін. Меніңше, президент Тоқаевтың сол күндер, сол сағаттар, сол минуттар, сол секундтар туралы ел алдына шығып, ашық айтатын уақыт келді! Кімнің кім болғанын біз сонда ғана білер едік,- дейді кәнігі саясаткер.
Естеріңізде болса Путин мен Назарбаев биылдыққа екінші рет осылай кездесіп отыр. Осының өзі елдің болашағына қатысты қандай да бір сценарий жатыр, деп ойламайсыз ба?,-деген сауалымызға Әмржан Қосанов төмендегіше жауап берді.
Жалпы алғанда, көзі тірі президент тұрғанда Қазақстанның басқа саяси тұлғаларының сол кісінің келісімісіз басқа елдің басшысымен кездесуі – қай жағынан алғанда нонсенс. Бір сұрақ: Тоқаев пен Назарбевтың арасы жақсы болса, біз неге олардың кездесіп, елдегі ахуалды талқылағаны туралы естімейміз?
Сол себепті енді үш жақтың — Тоқаев, Путин және Назарбаевтың комментарийін күтейік. Ондай түсініктеме болмаса, әңгіме тіпті ушығып кетуі мүмкін. Ол болса, Қазақстанның мемлекет ретіндегі тұрақтылығына теріс әсер етуі әбден ықтимал,- дейді саясаткер.
Қалай болғанда да Назарбаев пен Путин кездесуі қазақ мемлекетінің болашағына алаңдаушылық білдіретін қоғам мүшелерін түрлі ойға жетелетіп қойғаны рас. Оның үстіне бір жылда екі бірдей кездесу жасауының өзі басы ашық сұрақ болып қалды. Ең қызығы қоғамның осыншалықты қызығушылығын тудырған ақпаратқа қатысты не ресми ақорда немесе кремль тіпті тұңғыш президенттің баспасөз қызметі толыққанды жауап бере қоймады.
