Марқұмдардың денесі 3700 метр биіктікте орналасқан «Локомотив» шыңы маңынан табылды, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұған дейін Алматы тауларында үш адамның жоғалып кеткендігі айтылып, оның біреуі кеше кешкісін өлі күйінде табылған болатын. ТЖМ құтқару тобы қалған екі адамды іздеуді ары қарай жалғастырған.
Алматы қаласы ТЖД баспасөз қызметі хабар түскен сәттен бастап «Мыңжылқы» бөгеті ауданында жедел штаб құрылғанын. Іздестіру жұмыстарына Алматы қаласы ТЖД бөлімшелері, ҚР ТЖМ РЖҚЖ, құтқару қызметі, полиция, Альпинизм федерациясы және еріктілер жұмылдырылған. Сонымен қатар іздестіру-құтқару операциясына ТЖМ «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылғандығын айтқан.
Жалпы іздестіру-құтқару жұмыстарына шамамен 80 адам, 12 техника бірлігі, 4 кинологиялық есептоп және 4 ұшқышсыз ұшу аппараты қатысты. Жұмыстар биік таулы күрделі жағдайларда жүргізілді және төмен температура, сирек ауа, көшкін қаупі мен күрделі жер бедері авиацияны қолдануды шектеп, іздеу топтарының қозғалысын баяулатты.
Құтқарушылар ұшқышсыз ұшу аппараттарын, металл іздегіштерді, іздеу зондтарын және шанц құралдарын қолданды. Қолайсыз ауа райына байланысты қаза болғандардың денелері жаяу тәртіппен «Медео» құтқару бекетіне дейін жеткізілді. Марқұмдардың денелері полиция қызметкерлеріне тапсырылып, сот-медициналық сараптама тағайындалды. Туыстарына психологиялық көмек көрсетілуде, делінген қалалық ТЖД берген соңғы ақпаратта.
