Оқиға Алматыдағы ALT университетінің ғимаратында болған. Аталған оқу орнының студенті оқытушыға пышақпен шабуыл жасаған, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Алматы полиция департаменті оқиғаны растады.
Оқиғаға байланысты Алмалы аудандық полиция бөлімі бұл оқиға бойынша қылмыстық іс қозғады. Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Басқа да мән-жайлар тексерілуде,- деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Аталған оқу орнынының баспасөз қызметі де оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
Өкінішке орай, студенттердің бірі пышақ қолдану арқылы профессорды пышақтамақ болған. Оқиға орнынан студент қашып кетуге тырысқан. Бірақ өзге студенттер оны тез арада ұстап алды. қазіргі уақытта оқытушының жағдайы қанағаттанарлық. Ол жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілді, онда қажетті тексерулерден өтті. Нәтижесінде жеңіл жарақат алғаны өміріне қауіп төніп тұрмағандығы анықталды, — делінген университет мәлімдемесінде.
Университеттің баспасөз қызметі жағдайдың бақылауда екенін және құқық қорғау органдарымен бірлесіп жұмыс жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өзге дереккөздердің жазуынша, студент басқа кафедрада оқиды, ал жәбірленуші оған сабақ бермейді. Олар бір-бірін жеке танымайды. Күдіктінің курстастарының айтуынша, студент сабырлы және тұйық болған, бұрын агрессиялық әрекеттері байқалмаған.
