Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Халық әртісі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Президент өз көңіл айтуында, театр тарланының сахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырғанын атап өтті.
– Асанәлі Әшімов бүкіл саналы ғұмырын театр және кино саласына арнап, төл мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге өлшеусіз үлес қосты. Ол көптеген образдарды шебер сомдап, көрермен қауымның ыстық ықыласына бөленді. Cахна саңлағы әрі кәсіби киногер ретінде соңына өшпес із қалдырды. Жас өнерпаздарға бағыт-бағдар беріп, рухани сабақтастықтың сақталуына зор еңбек сіңірді. Өрелі өнердің туын биік ұстап, өнегелі ғұмыр кешкен Асанәлі Әшімовтің жарқын бейнесі халқымыздың жүрегінде сақталады, – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік бүгін қазақ өнерінің мэтрі, Асанәлі Әшімұлы Әшімов 89 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.
Ол 1937 жылы 8 мамырда Жамбыл облысы, Сарысу ауданнда дүниеге келген. Кеңестік және қазақстандық кино және театр актері, кино және театр режиссері, театр педагогы, профессор.
Қазақстанның халық әртісі (1976), КСРО халық әртісі (1980). Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1973), КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты (1974). атақтарымен мараптталған. Қазақстан театрлар ассоциациясының президенті. Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының көркемдік жетекшісі болып қызмет етті.
