Соңғы уақытта ішкі нарықта сиыр еті бағасының өсуі байқалып, тұтынушылар арасында алаңдаушылық тудыруда. Осыған байланысты еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігі арнайы түсініктеме берді, -деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жауапты ведомствоның мәліметінше 1 кг еттің орташа өзіндік құны шамамен 2 800–3 100 теңгені құрайды. Көтерме бағасы 1 кг үшін 3 400–3 500 теңге аралығында өзгереді.
Соныменн қатар министрлік көршілес елдерде сиыр етінің бөлшек бағасы бізге қарағанда әлдеқайда жоғары екенін алға тартып отыр.
Мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанда — 1 кг үшін 6 500 теңгеге дейін, Ресейде — 8 500 теңгеге дейін, Қытайда — 8 000 теңгеге дейін, Түрікменстанда — 9 000 теңгеге дейін, Түркияда — 13 000 теңгеге дейін бағаланады,-дейді жауапты ведомство.
Жауапты министрлік Зеңгі баба тұқымы етінің күрт қымбаттауының тағы бір себбебі ретінде төмендегі деректі келтіріп отыр.
Ірі қара малдың бір тұтас етінің тірі салмағынан 50–60%-ы ғана ет ретінде шығады. Оның ішінде тек 15–20%-ы премиум санаттағы бөліктерге (қарын асты еті (филе), қабырға еті (рибай), жамбас еті (кострец) тиесілі, олардың бағасы жоғары болады. Орта деңгей шамамен 40–45%-ды құрайды, төменгі деңгей — 25% шамасында. Сүйек, май және ет қалдықтары, яғни ет ретінде өткізуге жарамсыз бөлігі — 15–20%.
Осылайша, бөлшек саудадағы сиыр еті бағасы тек өзіндік құнға ғана емес, сонымен қатар еттің санатына, тағамдық құндылығына, малдың семіздігіне және қайта өңдеу тәсіліне байланысты қалыптасады. Майы аз ет бөліктері арзанырақ болса, жоғары мәрмәрлі ет пен жұмсақ құрылымы бар кесінділер жоғары сапаға жатады және олардың бағасы қымбат болады,-делінген АШМ баспасөз қызметі берген түсіндірмеде.
Министрлікжағдайды тұрақты түрде қадағалап, әкімдіктермен және мүдделі құрылымдармен өзара іс-қимыл жүргізіліпі жатқанын атап өтті.