Қазақстан араға 26 жыл салып әлем чемпионатында алтын медаль иеленді

Хорватия астанасы Загребте өтіп жатқан грек-рим күресінен әлем чемпионатында Қазақстан қоржынына алтын медаль түсті,-деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Ел намысын қорғап, боз кілемге шыққан отандасымыз Айдос Сұлтанғали 60 кг дейінгі салмақтың финалында Әлішер Ганиевтен (Өзбекстан) басым түсті.

Айдос Қазақстанға 26 жылдан кейін ересектер арасындағы әлем чемпионатының алтынын сайлады. Осыған дейін грек-рим күресінен Афиныда 1999 жылы отандасымыз Мхитар Манукян (63 кг) топ жарған. Осы аралықта Алмат Кебіспаев, Мейрамбек Айнағұлов, Демеу Жадыраев, Қорлан Жақанша, Ержет Жарлықасын сынды бозкілем шеберлері бас жүлдеге бір табан жақын болды. Жалпы алғанда Сұлтанғали — егемендік алғаннан бері күрестің осы түрінен ересектер арасындағы әлем чемпионатының финалында күрескен оныншы қазақ палуаны.

29 жастағы қызылордалық спортшы осыған дейін 60 кг дейінгі салмақта әлем чемпионатында 2 рет қола медаль иеленген.

Айдос ақтық финальға дейінгі белдесулерде Максвелл Хоппер Блэкті (АҚШ), Мелкаму Фетенені (Израиль), ширек финалда Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының қола жүлдегері Сеун Лиді (Солтүстік Корея) жықты. Жартылай финалда Амиран Чавадзеден (Грузия) мықты екенін дәлелдеді.

Соңғы жазбасы

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика