Астанада бұрын сотты болған алаяқ тұрғындарды тағы да 82 млн теңгеге алдап соққан

Сотталушы әлеуметтік желілерде өзінің жалған әрекеттерін белсенді түрде жарнамалай отырып, шетелден құрылыс  материалдарын жеткізуде қалыптасқан байланыстары бар екеніне сендірген, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Қылмыскер өзін табысты кәсіпкердің кейпін жасап, оның қылмыстық ниетінен бейхабар азаматтардың сенімін пайдаланып, жалған келісім-шарттар жасау арқылы құрбандарына Ресей Федерациясынан арзан бағамен еден сатып алып бере алатынын айтқан.

Мысалы, жәбірленушілердің біріне 6 млн теңгеден астам залал келтірілген, бұл қаражатты қылмыскер өз қалауы бойынша жұмсаған. Сотталғанның қылмыстық әрекетінен барлығы 49 адам — жалпы сомасы 82 млн теңгеден астам шығынға зардап шеккен. Сотта прокурорлар сотталушының өз міндеттемелерін орындауға нақты мүмкіндігі болмағанын, жеткізу шарттарын өзінің қылмыстық ниетін іске асыру мақсатында жасағанын, жымқырылған ақшалай қаражатты жеке мақсатта жұмсағанын дәлелдеді,-делінген Астана прокуратурасы берген ақпаратта

Сонымен қатар, сотталған адам осыған ұқсас алаяқтық фактілері үшін бұрын бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтегені анықталды. Дәлелдемелердің бұлтартпас болуына байланысты сотталушы өз кінәсін толық мойындады.

Қылмыскер 4 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасына сотталды, жәбірленушілердің азаматтық талаптары толығымен қанағаттандырылды.

Үкім заңды күшіне енді.