Алматыдағы «Алатау» дәстүрлі өнер театры жақында Мәскеуде өткен А.П. Чехов атындағы XVII Халықаралық театр фестивалінде «Мәмлүк. Сұлтан Бейбарыс» қойылымын сәтті сахналап қайтты. Өнер ұжымының келесі сапары – OFF AVIGNON 2025 Халықаралық театр фестивалі. Осыған орай, Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталының тілшісі, театр директоры Мақсат Нұралиевпен сұхбаттасты.
– Мақсат мырза, ең әуелі, Мәскеудегі Чехов фестивалінде сәтті өнер көрсетулеріңізбен құттықтаймыз. Мұндай халықаралық деңгейдегі шараға қатысу театрдың шығармашылық дамуына қалай әсер етті?
– Біз ғасырлық тарихы бар әлемдік сахнада қатарынан екі күн өнер көрсеттік. Әр қойылымымыз аншлагпен өтті, көрермен ыстық ықыласын аямады. Бұл фестиваль әр екі жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінен үздік театрлардың басын қосады. Біз – Алматы қаласы Мәдениет басқармасына қарасты жас театрмыз, дегенмен қазірдің өзінде әлемнің үздік театрларының қатарынан көрініп жүрміз. Қаланың қолдауының арқасында үлкен жетістіктерге жетіп келеміз. Бізді әлемдік қауымдастық байқап, ең әйгілі фестивальдерге шақырып жатыр, танымал театрлар мен ұйымдар бізбен серіктес болғысы келеді.
– Алдағы Авиньон фестиваліне Алматыдан бірден бірнеше театр қатысатынын білеміз. Оның ішінде «Алатау» дәстүрлі өнер театры да бар. Фестивальге қандай қойылым алып барасыздар?
– Иә, ендігі кезекте Францияда өтетін, әлемдегі ең ірі заманауи театр фестивальдерінің бірі – Off Avignon шарасына қатысқалы отырмыз. Фестиваль комиссиясы ақпан айында театрымызға келіп, шығармашылық ұжымның өнерін жоғары бағалап, арнайы шақырту сыйлап кетті. Фестиваль аясында біз 20–26 шілде аралығында дәстүрлі өнерімізді таныстыру мақсатында «Steppes Rhapsody» (Дала рапсодиясы) атты музыкалық қойылымды ұсынамыз. Қойылым Авиньон қаласының Rouge Gorge театрында күн сайын сағат 22:45-те көрсетіледі. Бұл – 20-дан астам ұлттық аспаптарымызда шебер ойнайтын «Алатау» этно-фольклорлық ансамбльдің сүйемелдеуімен өтетін ерекше форматтағы сахналық туынды. Мұнда халық әндері мен күйлері, ұлттық билер, сондай-ақ қазақтың бес қаруының айбалтамен орындалатын пластикалық трюктер орындалады.
– Off Avignon фестивалі – әлемдік театр кеңістігіндегі беделді шаралардың бірі. Осы фестивальге қатысудың сіздер үшін кәсіби әрі шығармашылық тұрғыда маңызы қандай?
– Бұл фестивальге қатысу – біз үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Off Avignon – әлемдегі ең ірі және ықпалды заманауи театр фестивальдерінің бірі. Онда өнер көрсету арқылы біз өзіміздің кәсіби деңгейімізді, шығармашылық әлеуетімізді және ұлттық өнеріміздің ерекшелігін халықаралық сахнада паш етеміз. Бұл – қазақ мәдениетінің заманауи интерпретация арқылы шетелдік көрерменге жол тартуы. Біз түрлі елдерден келген халықаралық серіктестермен байланыс орнатамыз, заманауи театр үрдістерін өз көзімізбен көріп, кәсіби тұрғыда өсеміз. Франция жұртшылығына ұлттық өнеріміздің айшықты үлгісін ұсынып, тамаша әсермен оралатынымызға сенемін.
– Бүгінде Алматы қаласы мәдениет саласында жаңа стратегиялық бағыттарға бет бұрып жатыр. Осы орайда, сіз басқарып отырған театр ұжымы қандай халықаралық деңгейдегі жобаларға қатысып жүр?
– Қазіргі таңда театр қызметкерлері мен артистерін оқыту, білімін жетілдіру, әлемдік алаңдармен бірлесіп жұмыс істеу – «Алатау» театрының халықаралық беделін арттырып отыр. Бұл тек имиджді көтеріп қана қоймай, артистер мен көрермен үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Мәселен, маусым айында театрдың артистері, техникалық мамандары мен әкімшілік қызметкерлері Малайзияның үздік оқу орындарының бірі – Sunway University-де біліктілікті арттыру курстарынан өтіп келді. Жалпы, мұндай тәжірибелік курстарды біз жүйелі түрде жалғастыруды көздеп отырмыз.
– Келесі жылы театр 10 жылдық мерейтойын атап өтпекші. Осы орайда қандай жағымды өзгерістер бар?
– Қала әкімдігінің қолдауымен театр ұжымының жалақысы өсіп, материалдық-техникалық базасы жаңартылып, шығармашылық және әкімшілік қызметкерлердің біліктілігі артып келеді. Қазір, жаз мезгілінде, театр ғимараты жөндеуге жабылған, ал труппа ел өңірлерін аралап, гастрольдік сапарлармен өнер көрсетіп келді. Театр ұжымы Алматы, Жетісу, Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Жамбыл, Абай облыстарына барып, барлығы 30-ға жуық елдімекендерде өнер көрсетіп, көрермендердің ерекше ықыласына бөленді.
– Соңғы сұрақ: Сіздің ойыңызша, қазіргі сахна кеңістігінде дәстүрлі өнердің орны қандай болуы керек?
– Дәстүрлі өнер – бұл біздің рухани тамырымыз. Ол ешқашан ескірмейді. Бүгінгі көрерменге оны жаңаша форматта, заманауи тілмен жеткізе білсек, ол бұрынғыдан да өзекті болады. «Алатау» театры дәл осы бағытта жұмыс істеп келеді. Бұл – біздің басты миссиямыз.
Келесі жылы театрымыз өзінің 10 жылдық мерейтойын атап өтпек. Бұл біз үшін маңызды белес. Осыған орай, халықаралық сапарлардан бөлек, биыл үш жаңа қойылымның тұсаукесерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Демек, «Алатау» театры алдағы уақытта да көрерменге тың дүниелер ұсынып, ұлттық өнерімізді өрістете бермек.
Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге алғыс айтамыз!
Сұхбаттасқан, Набира Алманова, JM