Бұрын спорт клубтарында жаттықтырушы болып жұмыс істеген азамат алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы заңдық күші жоқ, өзі дайындаған жылдық абонемент түріндегі жалған сыйлық сертификаттарын сатып келген,-хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ол бұл сертификаттарды нарықтағы бағадан әлдеқайда арзан — 150 мың теңгеге ұсынып, олардың түпнұсқалығына сендіріп, азаматтарды шатастырған. Шын мәнінде мұндай абонементтердің құны шамамен 700 мың теңгені құрайтын.
Жәбірленушілер, фитнес-орталыққа келгенде сатып алған сертификаттарының жарамсыз екенін біліп, құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр болған. Аталған қылмыстық әрекеттен 24 адам жапа шеккен, келтірілген жалпы материалдық залал 3,5 млн теңгеден асқан,- делінген Астана прокуратурасы берген ақпаратта.
Тергеу амалдары аяқталғаннан кейін қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданды.
Жәбірленушілерге келтірілген залал толық өтеліп, ауырлататын мән-жайлар болмауына байланысты, сот үкімімен алаяққа 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгілеумен бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.