«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясына қарасты Үштөбе станциясының телім бастығы сотта өз кінәсіздігін дәлелдей алмай жүр деп хабарлайды, Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы редакцияға хабарласқан күдікті ретінде айып тағылып отырған Бекет Байдилдановтың өзі мәлімдеді.
Оның айтуынша оқиға былай болған: Ол телім бастығы болып қызмет істейтін Үштөбе темір жол станциясына темір жол бойындағы ескірген бұрандаларды ауыстыру мақсатында Алматы қаласында орналасқан ҚТЖ-ға қарасты материалдық базадан 1тонна (1785 дана) көлеміндегі арнайы бекіту бұрандалары (шуруп) жеткізілген.
Бұл барлығын құжат бойынша қабылдап алған. Артынан кезең-кезеңімен қажетті жерлерге орналастыру жұмысын бастаған.
Арада біраз уақыт өткен соң «ҚТЖ» ҰК АҚ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалынан атқарылған жұмысты тексеруге арнайы тексеру тобы келген.
Олардың келу себебі, жергілікті Жолдағы полиция бөліміне жоғарыда қабылдап алған бұрандалардың қолды болғандығы туралы арыз түскен. Осы арыз негізінде ЖПб өкілдері «ҚТЖ» ҰК АҚ-на мәселені анықтау мақсатында ішкі тексеріс жүргізуге өтініш білдірген.
Полицияның өтініші бойынша келген тексеру тобы жіберілген бұрандалар тиісті орындарға орнатылмаған яғни, ауыстырылмаған деген шешім шығарып, оны полицияға өткізген. Аталған шешім бойынша ЖПб Байдилданов Бекетке қатысты ҚР ҚК 189-бабы 2 бөлігімен (Сеніп тапсырылған мүлікті жымққыру) қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеп-тергеуді бастаған.
Айып тағылып отырған азамат ҚТЖ-дан келген тексерушілер жұмысын атүсті атқарды деп санайтындығын айтады.
Олар жол бойын жүріп өту кезінде жаңа бұрандаларды көре-тұра есепке алған жоқ. Тіпті арнайы кодтық маркалармен салыстыра отырып тексеруге де назар аудармады. Сондықтан мен ол тексеріс нәтижесіне сенбеймін,-дейді Б. Байдилдинов.
Жазықсыз айыпталып жатырмын деген азаматтың бұл сөзін оның қорғаушысы Жақсылық Тұрсынбай да қуаттап отыр. Оның айуынша ҚТЖ-дан келген тексеру тобының шығарған шешімімен қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ көрінеді.
Бұл жерде ҚТЖ-дан келген тексерушілер өз жұмыстарын тиянақты атқармай, атүсті жаптым жала, жақтым күйе сипатында шешім шығарғаны анық байқалып тұр. Біріншіден жаңадан келген бұрандаларда М22 деген арнайы маркалық код болған. Олар тексеріс кезінде осындай коды бар бұрандалар тұрған жерлерді іздеп анықтау керек еді. Алайда, олар мүлдем олай істемеген. Ең қызығы тергеу жұмыстары басталған кезде анықтау мақсатында тергеуші қылмыс болған орынға барып тексеріс жүргізген. Сол кезде жоғарыда менің қорғауымдағы азамат қабылдап алған М22 маркалы 1785 дана бұранданың (шуруп) 1664 (бір мың алты жүз алпыс төрт) данасы ескі бұрандалармен ауыстырылып орналастырылғанын анықтаған. Бұл туралы құжат сотта қаралып жатқан іс құжаттарында де тіркеулі тұр,- дейді адвокат Ж. Тұрсынбай.
Адвокаттың айтуынша қалған бұрандалардың да есебі түгел.
Қалған 54 дана бұранданы полиция қызметкерлері қоймада тұрған жерінен айғақ зат ретінде тіркеуге алып кеткен. Тағы 70-80 дана бұранда қажетті жерлерге орналастырылған. Алайда, олар есептен шығару актісінде көрсетілмеген деген сылтаумен есепке алынбай қалған. Бұған сол жерге барып, бұрандалардың жоғарыда көрсетілген М22 маркалы кодымен тексерсе оп-оңай көз жеткізуге болады»,-дейді адвокат.
ҚТЖ тексерушілері тексеріс барысында 13 (он үш) дана шпал материалдың жеткіліксіздігін анықтадық деген де қорытынды шығарады. Алайда, қорғаушы мен айыпталушының , тексеріс кезінде темір жол бойының басқа бөліктерінде артық шпалдар кездескен. Бірақ, тексерушілер бұны көре тұра есепке алмай кеткен.
Қорыта келгенде айыптау тарапы Б. Байдилдиновке жымқыру мақсатында ҚТЖ «Магистральдық желі дирекциясы» филиалына 700 000 (жеті жүз мың) теңге көлемінде шығын келтірді деп айып тағып отыр.
Ал, айыпталушының өзі, жоғалмаған, ұрланбаған өз орнында тұрған мүлік үшін жазықты болып кетуі мүмкін болып тұрғанын айтады.
Қазіргі таңда іс Жетісу облысы, Үштөбе қалалық сотында қаралып жатыр. Келесі сот 3-4 шілде күндеріне белгіленген.
Jurtmedia.kz айыпталушы тараптың өтініші негізінде және қоғамға ашық және сенімді ақпарат беру мақсатында, алдағы сот процестеріне қатысуды жоспарлап отыр. Сот ашық сот тәртібімен өтіп жатыр.
Сонымен қатар материалда келтірілген деректерге қатысты туындаған сұрақтар негізінде Қазақстан темір жолы Ұлттық компаниясына журналистік сауалдар жолдайтын болады.