Қазақстандағы екінші АЭС-ті Бейжің тұрғызатын болды…

Еліміздегі екінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум жетекшісі ретінде Қытайдың CNNC компаниясы таңдалды. Бұл туралы еліміздің Атом энергияcы жөніндегі агенттігі хабарлады деп жазады JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, АЭС салуға ниет білдірген бірнеше компания арасында Мәскеу мен Бейжіңнің ұсынысы ең үздік деп танылған.

«Жобаның шорт-парағына енген компаниялардың бәрі бірегей технологияға ие. Дегенмен, объективті тұрғыдан алғанда ең мықты ұсыныс Ресей мен Қытай тарапынан түсті», – деді Сәтқалиев.

Осыған орай, агенттік жақын арада CNNC компаниясымен келіссөз бастайды.

Айта кету керек, осының алдында бірінші АЭС құрылысын жүргізетін консорциумға Росатом жауапты болатынын хабарлағанбыз.