Киев күл-талқан еткен 40-тан астам ұшақтың Қазақстанға қатысы бар ма?

Украинаның жуырдағы әскери шабуылы Ресейдің стратегиялық авиациясының түп-төркінін үңілуге итермелеп отыр,-деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Күні кеше «Паутина» дейтін арнайы операция ұйымдастырған Киев Ресей аумағындағы әуе базаларына тереңдей еніп, 40-тан астам стратегиялық ұшақты істен шығарды.

Ресейдің алыс қашықтыққа ұшатын Ту-95МС, Ту-22М және А-50 секілді аса құнды авиациясы күл-талқан болды. Украина барлау қызметінің мәліметі бойынша, Мәскеу қып-қызыл шығынға батқан, 7 млрд доллардың техникасы талқандалған.

Бұл оқиғаның біз үшін қызық жері зақымдалған бомбалаушы ұшақтың біразы Ресейде жасалмаған деп жазады осы тұста Ertenmedia.

Олар КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстаннан заңсыз, құйтырқы жолмен ұрланған әскери техника болып шықты.

1991 жылы Кеңес Одағы құлаған тұста Қазақстан күтпеген жерден әлемдегі ең ірі Ту-95МС стратегиялық бомбалаушы ұшақтарының иесіне айналды.

Ел аумағында осындай жалпы саны 40 дана ұшақ қаңтарылып тұрған. Оның ішінде 27-сі алыс қашықтыққа ұшып, қанатты зымыран тасымалдауға қауқарлы МС-16 моделі болса, қалғаны МС-6 еді.

Сол уақытта Ресейдің өзінде бұл үлгідегі ұшақтың саны небәрі жиырманың үстінде болған. Өндірісі тұралап қалғандықтан, оларды көбейтудің мүмкіндігі де жоқ еді.

Осы жағдайды өз пайдасына шеше білген Мәскеу бұрынғы кеңестік әскери әріптестікті желеу етіп, Қазақстанның стратегиялық ұшақтарын біртіндеп, ешқандай ресми рұқсатсыз өз меншігіне өткізіп алған.

Құйтырқы әрекет 1992 жылы басталған. Сол кезде ресейлік және қазақстандық ұшқыштар бірігіп әскери жаттығу өткізген.

Ресей аумағына жаттығуға барған Қазақстанның Ту-95МС ұшақтары елге қайтарылмаған. Олардың орнына ескірген Ту-95К модельдері жіберілген немесе тіпті ештеңе қайтарылмаған кездер де болған.

Ресми дерекке, сенсек, сол жылы Қазақстаннан 16-18 ұшақ заңсыз алынған. Алайда қалған ұшақтың тағдыры белгісіз күйде қалып, Ресейдің авиациялық паркіне «байқатпай» қосылған.

Қазақстаннан бөлек, Ресей 1990-жылдардың соңында Украинаның да авиациялық әлеуетін әлсіреткен. 1999 жылы Киев өзіндегі стратегиялық бомбалаушы ұшақтар мен қанатты зымырандардың біразын газдың берешегін жабу үшін Мәскеуге беруге мәжбүр болған.

Осылайша, бүгіндері Ресейдің Украинаға қарсы қолданып отырған авиациясы толық дерлік Кеңес Одағынан кейінгі қиын кезеңде көршілерінен барымталанған.

Қазақстан болса «жоғалған» ұшақтар үшін не өтемақы талап еткен, не жарытып жауап ала алмаған. Осынау стратегиялық техниканың соғыстағы рөлін ескерсек, сол тұстағы әділетсіз әрекеттің салдары қазіргі қақтығыста анық сезіліп отыр.