Президент: Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды

Мемлекет басшысы «АЛЖИР» тарихи мемориалдық музей кешенінде өткен Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған іс-шараға қатысып сөз сөйледі, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сөзін:

Біз жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске аламыз. Зұлмат заманда қаза болған жандардың рухына тағзым етеміз,-деп бастады

Ол өз сөзінде ел басына күн туған сол бір нәубет жылдарда қазақ халы алапат аштықтан қынадай қырылғанын ерекше атап өтті.

Өткен ғасырда Кеңес Одағына қарасты көптеген халық талай қиындықты бастан өткерді. Соның ішінде қазақ елі де зобалаң жылдардың тауқыметін тартты. Күшпен ұжымдастыру науқаны кезінде мал-мүлкінен айырылды. Жұртымыз алапат аштықтан қынадай қырылды, көп адам жан сауғалап, шетел асып кетуге мәжбүр болды.

Сталиндік репрессия кезінде ұлтымыздың зиялылары, білімді, көзі ашық азаматтар жаппай қудаланды. Мыңдаған адам халық жауы атанып, аяусыз азапталды, сотсыз атылды. Ұлтымыз аз ғана уақыт ішінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров сияқты мыңдаған ең асыл перзенттерінен айырылды, -деді Президент.

Шара барысында Мемлекет басшысы тоталитарлық жүйе құрбандарының өмірінен сыр шертетін бірегей құжаттар, тұтқындардың жеке заттары, архив материалдарымен танысты.
1938-1953 жылдары мыңдаған әйел адам төзгісіз жағдайда жазаларын өтеген бұл қасіретті орын – бүгінде маңызды жалпыұлттық ескерткіштердің бірі.