Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров елден шығарылған 150 миллиард долларды қайтару мәселесін тағы көтерді деп жазады JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Мәжілісменнің айтуынша, бұл миллиардтар – «Ескі Қазақстан» дәуірінде жеке қалталарға түсіп, шетелге ағылған қаржы. Осының өзі ел экономикасына жасалған үлкен соққы болып отыр.
Депутат көлеңкелі экономиканың көлемі қазірдің өзінде 40 миллиард доллардан асып кеткенін айтты. Одан бөлек, криптовалюта арқылы елден 15 миллиард доллар шығарылғаны белгілі болды.
Экономикамыз қансырап жатқанда, осынша қаржының сыртқа ағылуы – ел мүддесіне жасалған қиянат. 150 миллиард доллар – бұл жаңа мектептер, ауруханалар, сапалы жолдар, халыққа лайықты өмір сыйлайтын алып мүмкіндіктер еді, – деп атап өтті депутат.
Ерлан Саиров бұл мәселенің жүйелі түрде тексеріліп, сыртқа кеткен әрбір тиынның қайтарылуы керектігін талап етті. Сондай-ақ ол көлеңкелі экономиканың жолын кесу үшін үкіметті батыл қадам жасауға шақырды.