Сара Назарбаеваның өмірден өткені туралы ақпарат ресми расталған жоқ, бірақ қоғамда күмән күшейіп отыр,-деп хабарлайды jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы shyn-ar.kz сайтына сілтеп.
Алматы облысындағы Шамалған ауылында орналасқан Назарбаевтар әулетінің отбасылық қорымында жаңа қабірдің пайда болуы туралы әлеуметтік желілердегі видео қоғам назарын аударды. Бұл бейіт марқұм Болат Назарбаевтың жанына орналасқан. Қабірде ешқандай жазу немесе белгі орнатылмаған. Аталған жайт Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жұбайы Сара Алпысқызының өмірден озғаны туралы болжамдарды күшейтіп отыр.
Еске сала кетейік, 14 мамыр күні әлеуметтік желілер мен кейбір ақпарат құралдарында Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны жөнінде бейресми ақпарат тараған еді. Алайда бұл деректі Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай ресми түрде жоққа шығарды.
Соған қарамастан, кейінгі күндері Алматыда тіркелген бірқатар оқиға қоғамда түрлі болжамдардың таралуына негіз болды. 15 мамыр күні Алматыдағы Президент істері басқармасына қарасты Республикалық клиникалық аурухананың (кеңінен «Совминка» деп танымал) аумағынан күзет алынып тасталғаны байқалған.
Келесі күні, 16 мамырда, Алматы қаласының жоғарғы бөлігінде орналасқан Назарбаевтар отбасының резиденциясы маңында қауіпсіздік шаралары күшейтілді. Мұхаммед Хайдар Дулати көшесі уақытша жабылып, резиденция маңына түрлі көліктер, соның ішінде мәйіт таситын көлікке ұқсас автокөліктер кіріп-шығып жатқанын журналистер тіркеген.
Қазіргі уақытта Сара Назарбаеваның қайтыс болғаны туралы ресми ақпарат жарияланған жоқ. Ресми дерек болмағандықтан, бұл мәселе бойынша нақты тұжырым жасау мүмкін емес.