Елордада «Абай әлемі» атты концерт өтті

Ұлы Абайдың биылғы 180 жылдығына орай Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында өткен кеште Абайдың рухани мұрасына музыкалық саяхат жасалып, сөз өнерінің тереңдігі, әуеннің саздылығы, поэзия мен философияның үндестігі, дәстүр мен заманауи бағыттар бір арнада тоғысты,- деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Концерт барысында қазақ әдебиеті мен музыкасына ғана емес, бүкіл ұлттың мәдени келбетін айқындаған бай көркем мұраға көбірек көңіл бөліндәі
Концерттік бағдарламада Абайдың бұрын-соңды көпшілікке ұсынылмаған шығармалары алғаш рет тыңдарманға жол тартып, танымал туындылар заманауи сахналық шешімдер мен музыкалық өңдеулер арқылы жаңаша сипатқа ие болды. Сондай-ақ, поэзия, философия және музыка біртұтас көркемдік кеңістікте тоғысып, ерекше атмосфера қалыптастырды.

Рухани кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Елмұра  Жаңабергенова, Құмарбек Қалқатай, Раушан Оразбай, Айзат Қарабек, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Толғанбай Сембаев,  «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері Қайрат Айтбаев, Бауыржан Бекмұханбет, Перизат Тұрар, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаттары Күнсұлу Түрікпен, Асқар Мұқият, республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаттары Біржан Айтахмет, Әлихан Дүйсенбай, Ақерке Тәжібаева, Венера Табыс, Жанту Дадабаевтар өнер көрсетті.

Сондай-ақ осы кеште күйші, өнертанушы Ардаби Мәулет Абайдың өзі шығарған «Абайдың ақтолқыны» күйін орындады. Осы күй орындалар алдында қазақтың дәулескер күйшісі, профессор Жанғали Жүзбай аталған туынды туралы өз ойын ортаға салды.

Бір кездері қытай асып кеткен ағайындардың арасында ғана  белгілі болып келген бұл шығарма туралы Ардаби Мәулет бауырымыз  алғаш болып  барлық деректерді жинақтап елге ұсынды. «Абайдың ақтолқыны» ерекше шертпелі күй, ерекше сырлы күй. Әрине күйдің бойынан Абайдың біз білетін танымал,  «Желсіз түнде жарық ай» «Көзімнің қарасы» «Сегіз аяқ» секілді әндерінің кейбір ырғақтары сезіліп тұрады,- деді белгілі күй жампозы Ж. Жүзбай. 

Сонымен қатар ақындар, Арман Шернияз бен Олжас Қасым Абай шығармаларына тоқтала келіп, ұлы тұлғаға арнаған өлеңдерін оқыды.