Астанада есірткі бизнесімен айналысқан екі алматылық азамат ұсталды

Астана қаласы прокуратурасының үйлестіруімен полиция Департаментінің Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елордаға синтетикалық есірткі жеткізушілердің ордасын анықтады, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы. 

Бұл туралы қалалық прокуратураның баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Алматы қаласының екі тұрғыны ұсталды. Олар Достық шағынауданындағы пәтерлердің бірінде психотроптық заттарды жасырын өндірумен айналысқан.

    Тінту барысында есірткі жасауға пайдаланылған заттар – химиялық реактивтер, электрплиталар, пластик және шыны ыдыстар, вакуумдағыш, бояғыштар және басқа да құрамдас бөліктер тәркіленді. Сонымен қатар, таратылуға дайын 5 килограмнан астам синтетикалық есірткі заты анықталып, тәркіленді. Күдіктілер есірткіні дайындауда «суық қайнату» деп аталатын жаңа әдісті қолданған. Бұл – жоғары температура қолданбай, химиялық реакциялар арқылы жүзеге асырылатын тәсіл. Аталған әдіс аса қауіпті болып саналады,-делінген дереккөз берген ақпаратта.  

 

Фото: Астана прокуратурасының баспасөз қызметінен