2019 жылдан бері халықаралық іздеу жарияланған Талғат Арданды Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында қолға түсірген, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің ақпаратынша, 2019 жылғы қыркүйекте еліміздің Бас прокуратурасы Түркияның Әділет министрлігіне халықаралық іздеуде жүрген «Астана LRT» ЖШС-нің бұрынғы басшысы, Қазақстан азаматы Талғат Арданды ұстап беру туралы сұрау жіберген. Осыған байланысты Түркия Республикасының құзырлы органдары тиісті іздестіру шараларын бастаған.
Биылғы жылы ҰҚК оның нақты болған жерін анықтады, содан кейін Түркияның құқық қорғау органдары Анталья қаласында ұстады. 9 мамыр күні Анталья қаласының соты Т.Арданды Қазақстанға депортациялау туралы шешім қабылдады және ол қазіргі уақытта қамауда. Қазақстанның құзыретті органдары аталған адамды Қазақстанға қайтару бойынша құқықтық рәсімдерді бастады, — делінген дереккөз берген мәліметте.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Астана қаласының соты Т.Арданды Қылмыстық кодекстің 189-бабы 4-бөлігі және 361-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, сырттай 9 жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарған болатын.
Фото: ашық дереккөзден