Құлыбаевтар қалай көңіл көтереді?

Caspian Cabals деп аталатын ауқымды зерттеуде Тимур Құлыбаевтың қыруар дәулеті мен Еуропадағы ләкшери өмірі туралы тың дерек айтылған екен,-деп жазады JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы “Әшкере” арнасына сілтеп.

Бір жыл бойы жүргізген тергеуде журналистер Құлыбаев әулетінің қымбат сарайлары Ұлыбританиядан бастап Испания, Франция, Германия, Швейцария, Чехияға дейін жайылып жатқанын анықтапты.

Мәселен, олар Ұлыбритания ханзадасы Ендруден Саннингхилл сарайын сатып алған. Чехиядағы готикалық стильдегі көне қамал, Испания мен Франция жағалауындағы приватты вилла, Швейцарияның Әлпі тауында орналасқан ортағасырлық бекіністер бәрі де осы жұптың құпия иелігінде екен.

«Мұншама байлыққа Тимур мен Динара он шақты оффшорлық аймақта тіркелген компаниялар мен траст қорлары арқылы иелік етіп отыр», — дейді ICIJ.

Әулеттің сән-салтанаты тіпті Голливуд жұлдыздарын артқа тастап кеткендей.

Зерттеу деректерінде Динара Назарбаеваның 2011 жылы әмірикалық әнші Кристина Әгилераға бір кештік жеке концерті үшін 1,5 миллион доллар төлегені айтылады.

Теңіз жағалауындағы испан вилласында өткен бір ғана кеште аспанға атылған отшашу үшін Құлыбаевтар 645 мың доллар жұмсай салған.

Зерттеуде Құлыбаевтың яхта мен ұшақтан ақша аямайтыны ашық жазылған. Тимурдың меншігінде Барселона портында қаңтарылып тұрған 14 млн долларлы «Sonny II» яхтысы мен бағасы 55 млн доллар тұратын жеке ұшағы бар.

Сонымен қатар, Кайман аралындағы траст қорында әйгілі мүсінші Роденнің оригинал туындысы «Сүйіс» (The Kiss) мүсіні де сақталған.

ICIJ мәліметі бойынша, Құлыбаев 10 миллиард еуродан асатын дәулетін әлемнің 22 еліндегі 220-дан астам компания арқылы басқарады. Олардың көбі мұнай-газ секторында, қаржы мен жылжымайтын мүлік саласында жұмыс істейді және басым бөлігі оффшорлық аумақтарда тіркелген.