Кремльдің қатаң бақылауындағы ресми шарада табуреткінің өзі саяси мәнге ие. Желіде тараған мына сурет соның жарқын мысалы.
Алғашқы күні президент Тоқаев Қытай басшысы Си Цзиньпинмен қатар жайғасып, еркін тілдесіп отырса, екінші күні бұлардың арасына Садыр Жапаров мен әлдебір ардагердің килігіп кеткенін байқайсыз,-деп жазады JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы Ertenmedia.kz сайтына сілтеме жасап. Мұның астарында не жатуы мүмкін?
Ең алдымен, Путиннің Тоқаев пен Си арасындағы жылы қарым-қатынасты назардан тыс қалдырмағанын айту керек. Кремль қожайыны аймақтағы ықпалын жоғалтудан емес, одан гөрі әлдеқайда терең әрі психологиялық себептен үрейленеді. Ол «постимпериялық жалғыздық» синдромы.
Екіншіден, Тоқаевтың Петербор форумында Путиннің алдында ашық әрі дәлелді пікір айтып, өз позициясын қорғап шыққаны Кремльде психологиялық травма ретінде есте қалып қойды.
Көсемінің қас-қабағын жазбай танитын Кремльдің протокол қызметі мұндай сәттерді мінсіз жоспарлайды.
Қытай көсемінің Ресей сапары халықаралық изоляцияда қамалып отырған Мәскеу үшін статус. Путин үшін бұл кездесуде басты қонақ – Си Цзиньпин. Осы арқылы ол өзінің Қытай басшысымен эксклюзивті диалогта екенін және аймақтағы басқа көшбасшылармен тікелей байланыс тек Ресей арқылы жүретінін көрсеткісі келгені анық.
Қазақ басшысының қытай тілін жетік білуі және екі ел басшысының арасында аудармашысыз әңгіме өрбуі, Кремльдің қытығына тиген. Осы көрініс Тоқаевтың Мәскеуде өзге көшбасшылардан ерекшеленіп, артықшылыққа ие болғанын көрсетті. Әрине, бұл Кремльге ұнамайды.
Орындықтар ретін өзгерту арқылы Мәскеу Қазақстанға жасырын сигнал жібергендей әсер қалдырады: «Қытаймен тым жақындасып кетпе, аймақта кімнің сөзі жүретінін ұмытпа».
Шын мәнінде, Қазақстанның сыртқы саясаты Мәскеудің ым-ишарасына бағынатын кезеңнен әлдеқашан өткен.
Тоқ етерін айтқанда, суреттегі көрініс тегін емес, Кремль протоколының әбден пысықтаған жүрісі. Кремль Тоқаевтың көшбасшылық потенциалын шектеп, оның интеллектуалдық дипломатиясын басып-жаншығысы келді. Тоқаев пен Сидің арасындағы тілдік, мәдени және саяси байланыс Мәскеудің мазасын қашыратын деңгейге жеткен.
Орындықтар ойыны Кремльдің дипломатиялық алаңдағы осалдығын ашық көрсетіп берді.