«Йоу орыстар» деп ән салған Темірлан Еңсебекке сот үкімі шықты

Алматыдағы Наурызбай аудандық сотында әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы ұлттық араздықты қоздырды деп айыпталған QazNews24 сатиралық парақшасының авторы  Темірлан Еңсебекке қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Бұл туралы алматы қаласы сотының баспасөз қызметі мәлімдеді.
Сот оған Instagram парақшасының 34 мыңнан астам оқырманы бар парақшасының әкімшісі бола отырып, басқа ұлт өкілдерінің ұлттық абыройы мен қадір-қасиетін көпшілік алдында қорлауға бағытталған, дөрекі, балағат сөздермен жазылған мәтіні бар музыкалық композициямен бірге пост жариялаған деген айып тақты.

Мұндай әрекеттер Қазақстан Республикасының негізгі қағидаттарының бірі болып табылатын ұлтаралық келісім мен халық бірлігін бұзуға бағытталған.
Сотталушының кінәсі іс материалдарымен, соның ішінде сот-психологиялық және филологиялық сараптама қорытындысымен, жауап алу хаттамаларымен және заттай дәлелдемелермен дәлелденді,- делінген сот берген ақпаратта. 

Алайда, айыпталушы сот барысында өз кінәсін мойындамаған.

Сот отырысының қорытындысы бойынша, қылмыстық іс материалдарын зерттеп, тараптардың сот жарыссөздерінде айтқан ұстанымдарын ескере отырып, сот сотталушыны аталған әрекетті жасағаны үшін кінәлі деп таныды.

 Қылмыстық Кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша жаза 2 мыңнан 7 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды не 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуді не сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Сот шешім шығарған кезде, сотталушының бұрын сотталмағаны ескерілді, алайда ол өз құқыққа қайшы әрекеті үшін өкініш білдірмеген.
Осылайша, сот сотталушыны белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру түріндегі қосымша жазамен бас бостандығынан айырумен байланысты емес 5 жыл бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ