Назарбаевтың қызының 166 млн доллары швейцариялық банкте сүрленіп жатыр

Швейцариядағы Рейл дейтін шағын банкте Назарбаевтың ортаншы қызы Динараның 166 млн доллары сүрленіп жатыр. Бұл туралы халықаралық зерттеуші журналистердің OCCRP ұйымы хабарлады деп жазады JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Банк талай жыл бойы Орта Азиядағы автократтардың туған-туысына адал қызмет көрсеткен.

OCCRP-дің дерегінше отыз жыл бойы Қазақстанның «қызығын» көрген Құлыбаева байлығының бір бөлігін Рейл банкке тасыған.

Банктің басқарушы директоры Франсуа Рейл Динараға тиесілі активтің есеп-қисабын жүргізген. Бұдан бөлек Рейл Құлыбаеваға Франциядан зәулім сарай сатып алу үшін 25 миллион еуро көлемінде несие берген.

Қазір Женева прокуратурасы Reyl банкінде жатқан 166 млн доллардың шығу тегін анықтап жатқан көрінеді.

Құлыбаеваның қорғаушысы мұншама алапат ақша қайдан келді, қайдан шықты деген сауалға былайша жауап қатыпты:

Мұның бәрі Динараның адал еңбегі, маңдайы тері. Клиентімнің капиталы Halyk Bank-тегі үлесінен алынған. Reyl банкінде сүрленіп жатқан ақшаның шығу тегі дәл осы жерден, — дейді ортаншы қыздың адвокаты Жан-Кристоф Хок.

Аталған іс бойынша тергеу әлі жалғасып жатыр.

Айта кетейік, күні кеше Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи жыл сайын күреп табыс табатын банктердің акционерлеріне салық салуды ұсынған болатын.