Әлеуметтік желіде qazaq_robin_hood лақап атымен кеңінен танылған «Елге көмек» қайырымдылық қорының жетекшісі Ілияс Сариевтің үстінен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды JurtMedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Бұл туралы заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Бұған дейінде «Елге көмек» қайырымдылық қоры дауға іліккен болатын. Әлеуметтік желіде қор қаржыны мақсатсыз жұмсағаны туралы ақпарат тараған. Тіпті журналист Гүлмира Әбіқайға бірнеше адам хабарласып, алданып қалғандарын айтқан. Қор әлеуметтік желіде «үй алып бердік» деп есеп бергенімен, шын мәнінде ол үй иесіне берілмегені айтылды. Алайда қор жетекшісі Ілияс Сариев бұл ақпараттың барлығын жоққа шығарған еді.
Алматы қалалық Полиция департаменті бүгін қор басшысының ұсталғаны туарлы ақпаратты растады. Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Алмалы аудандық полиция басқармасына қарасты бөлімде алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты әрі объективті тергеуге бағытталған бірқатар тергеу шаралары жүргізілуде. Нәтижесінде процессуалдық шешім қабылданады, деп хабарлады Алматы полициясы.