ақпарат ағыны

Бұрынғы Әділет министріне қатысты тергеу аяқталды

Еліміздің бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаевқа қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталып сотқа жолданды — деп хабарлайды Jurtmеdia.kz ақпаратттық-сараптамалық порталы. 
Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің ресми өкілі Данияр Бигайдаров мәлімдеді.
Агенттік бұрынғы Әділет министрі Марат Бекетаев және басқа тұлғаларға қатысты алаяқтық, аса ірі мөлшерде ұрлау және кәсіпкерлік қызметке заңсыз қатысу ісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдарын аяқтады. Биыл 3 наурызда қылмыстық іс сотқа жіберілді», — деп хабарлады Бигайдаров сәрсенбідегі брифингте.
Айта кетейік, экс-министр өткен жылдың 21 қазанында  елден заңсыз шығарылған активтерді қайтару туралы кампания аясында сыбайлас жемқорлыққа жол берді деген күдікпен ұсталған болатын. Артынан Бекетаевты ұстауға Жоғары аудиторлық палатаның тексерісінің нәтижесі себеп болғаны айтылды.

Өткен жылдың 23 қазанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік өкілдері Бекетаевтың ұсталғанын ресми түрде растады. Сол күні экс-министрдің екі айға қамауға алынғаны белгілі болды. 2024 жылдың 12 шілдесінде «антикор» Бекетаевқа қатысты тергеу амалдарының аяқталғанын, оған 1 млрд теңгеден астам көлемде мемлекетке шығын келтіру айыбы тағылғанын мәлімдеген еді.

Осы жылдың  31 қаңтарында тараптардың Бекетаевтың қылмыстық іс материалдарымен танысуды жалғастырып жатқаны айтылды.