Прокурор Болат Мажағұловты ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады

Астанада 2016 жылы Есіл өзеніне орнатылған «Күн» субұрқағына қатысты атышулы іс бойынша сот процесі жалғасып жатыр, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы,  Tengrinews.kz сілтеме жасап.

Елордадағы қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотта субұрқақ құрылысы кезінде жасалған ұрлыққа қатысты тараптардың пікірталасы басталды.
Бүгін прокурор аса ірі көлемде сеніп тапсырылған мүлікті талан-таражға салды деп айыпталған Астана Мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұловты 10 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады,

Мемлекеттік айыптаушы Азамат Тоқтарбай мәдениет басқармасының бұрынғы басшысы Болат Мажағұлов пен инженер Мәди Қанапинге жаза тағайындауды сұрады.

Болат Мажағұловты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі көлемде иемдену немесе талан-таражға салу») бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұраймын, – деп мәлімдеді прокурор.

Сондай-ақ ол инженер Мәди Қанапинді Қылмыстық кодекстің 28-бабы 5-бөлігі («Көмектесу») және 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы бойынша кінәлі деп танып, оны мемлекеттік қызметте лауазымды қызметтерді атқару құқығынан өмір бойына айыра отырып, 7 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.

Еске салсақ, елордадағы субұрқақ ісі бойынша сот қарауы желтоқсанында басталған болатын.