28 маусымда Қырғызстанда нөсер жауын-шашын болуына орай Ош облысының Ноокат ауданында жойқын сел тасқыны болды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы.
Тасқын су салдарынан тұрғындар мен туристер зардап шеккен. Олардың арасында өкінішке орай бірнеше отандастарымыз да бар.
Қырғызстанның Төтенше жағдай министрлігінің алдын ала берген ақпараты бойынша, қаза тапқандардың арасында Қазақстанның кәмелетке толмаған азаматтары бар. Қазіргі таңда екі баланың денесі табылып, тағы екеуін іздеу жұмыстары жалғасып жатыр,- деп жазды еліміздің СІМ баспасөз қызметі.
Табиғи апат орнында қырғыз тарапының құтқару қызметтері жұмыс істеуде. Қазақстандық дипломаттар жергілікті билікпен тұрақты байланыста.
Біздің Қырғызстандағы Елшілігіміз қайтыс болған балалардың туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп жатыр. Бұл қайғылы оқиға ҚР Сыртқы істер министрлігінің ерекше бақылауында.
Осыған байланысты Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Қырғызстан СІМ басшысы Жээнбек Кулубаевпен телефон арқылы сөйлесіп, төтенше жағдайдың мән-жайын және екі елдің тиісті мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын талқылады.
Бейбарыс ӨТЕЙ