Елордадағы кейбір көшелердегі “Сергек» камераларымен автобус жолақтары бойынша қозғалысты тіркеу уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық порталы.
Бұл шара жол жөндеу жұмыстарын жүргізу кезеңінде көлік жүктемесін азайту мақсатында уақытша қабылданып отыр.
Бұл туралы Астана әкімдігінің ресми сайты елордалық полиция департаментіне сілтеме жасап мәлімдеді.
Қаланың магистральдық көшелеріне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге, жолдың асфальт жабынын төсеуге және жол белгілерін қоюға байланысты кейбір көшелерде автомобильдердің қозғалысы уақытша шектеледі.
Осыған байланысты көлік жүктемесін төмендету мақсатында осы жылдың 14 маусымы мен 1 шілдесі аралығында Тұран және Қабанбай батыр даңғылдарының бойында, сондай-ақ Сарайшық және Сарыарқа көшелерінде «Сергек» камераларымен автобус жолақтары бойынша қозғалысты тіркеу уақытша тоқтатылды. Жүргізушілерден елорда жолдарындағы өзгерістерді түсінуді және ескеруді сұрайды, — делінген әкімдік ақпаратында.
Өз қауіпсіздігі үшін тұрғындардан жылдамдық режимін сақтауды және көшелердің жабық учаскелерін қоспағанда, маршруттарын алдын ала жоспарлауды сұрайды.