Жамбыл облысы Байзақ ауданының прокуратурасының тексерісі нәтижесінде аудан көлемінде жүздеген гектар жер телімдерінің заңсыз берілуі және мыңдаған гектар пайдаланылмай жатқан жер телімдері бар екендігі анықталды, деп хабарлады Jurtmedia.kz
Тексеріс нәтижесінде 465 гектар жерді заңсыз беру фактісін және пайдаланылмай жатқан 4292 гектар жер телімі белгілі болды. Бұл учаскелердің кадастрлық құны 55 млн теңгеден астам болады.
Жергілікті атқарушы органға енгізілген прокурорлық қадағалау актісі негізінде сотқа дейінгі тәртіппен пайдаланылмай жатқан жер учаскелерін толық қайтару қамтамасыз етіліп, ал қалған заңсыз берілген жерлер бойынша сотқа жерді жалға алу шарттарын жарамсыз деп тану туралы талап арыз берілді. Жамбыл облысы бойынша мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттың 13.02.2024 жылғы шешімімен талап арыз қанағаттандырылып, 465 гектар жер мемлекетке қайтарылды,- деп жазды Жамбыл облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.
Бұл жер телімдері алдағы уақытта шаруа қожалықтарына заңда белгіленген тәртіппен беру арқылы шаруашылық айналымына өтеді.
Фото: Дереккөзден