«Бұл Нұрланның әні, яғни менің әнім»: Ән авторлары Нұрлан Өнербаевқа неге өкпелі? (видео)

Белгілі әнші сазгерлер, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Марат Омаров пен  Ержан Белғозиев әндерін орындап жүрген халыққа кеңінен танымал әнші Нұрлан Өнербаевқа өзін танымал еткен әндердің авторын айтпайды деп реніш білдірді, деп хабарлайды Jurtmedia.kz

Олар, Өнербаев ел арасында орындап жүрген танымал әндерін өз әнім деп айтып та жүргеніне реніштерін жеткізді.

Марат  Омаровтың айтуынша әнші Нұрлан Өнербаев оның әйгілі «Анашым» әнін жеке концерті кезінде ел алдында  «Тіпті ән кімдікі? Сөзін кім жазды? елдің онда шаруасы жоқ. Бұл Нұрланның әні дейді»,- деген сөзіне қатысты, бұл орындаушы тарапынан барып тұрған ән авторларын құрметтемеу екенін айтады. Қала берді  өмірден өтіп кеткен әруақтарды сыйламау деген пікірін айтты.

Бұл біріншіден авторды сыйламау. Біреудің еңбегін жоққа шығару дер едім. Екіншіден әруақты құрметтемегені. Себебі, осы әндердің сөзін жазған ақын Қайрат Жұмағали ағамыз өмірден озып кетті. Қандай көрнекті ақын еді. Оның автор екенін мойындамай, халықтың алдында сондай әңгіме айтып әруақты құрметтемеуі үлкен қателік,- дейді белгілі сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері М. Омаров.

Оның айтуынша белгілі әнші оның тек «Анашым» деген әнін емес сонымен қатар өзін халыққа кеңінен танытқан «Әке арманы» әні туралы да реніші барын айтып қалды.

Мәселен, You Tube желісіне жүктеген менің «Әке арманы» деген әнімді қараңызшы, ол жерге  де «Нұрлан Өнербаев: Әке арманы» деп көрсетіп қойған,- дейді ол.

Осы тұрғыда пікір білдірген Қазақстан авторлары қоғамының президенті Байғали Есенәлі, тіпті халық солай айтқан күнде де Өнербаевтың өзі орындап отырған әнінің авторларымен қосымша таныстырып отыруы керек деген ойын айтты.

Негізі мұндай нәрсеге Нұрланның өзі бірінші қарсы болуы керек. Мысалы, халық солай айтып жатса, «Кешіріңіздер бұл менің әнім емес, мен тек орындаушымын. Сондықтан осы әнді жазған адамға құрмет көрсетіп қойыңыздар», -деп аты-жөндерін атап жіберсе автор да марқайып, мерейі өсіп қалар еді ғой. Әнді орындаушы бір кездері сол әнді ұнатып, орындауға алған соң оның авторын бағалау керек.— деді Қазақстан авторлар қоғамының президенті.

Тақырыпқа қатысты пікір білдірген белгілі өнер зерттеуші  Орынбасар Қожаев та халыққа кеңінен танымал белгілі әншінің  бұл қылығы біреудің қоржынына қол салғандай әрекет болған сияқты дегенді айтады.

Бүгінгі таңда кейбір әнші-сазгерлердің беті қалыңдап, ұяты жұқарып, намысы жоғалып бара жатқандығы қоғамның құртына айналып отыр. Бұрынғының бағалы бір сөзі бар  «өлең мен ән жазуда еліктеу болса да егелену» болмасын деген. Бірақ ең өкініштісі есі кіріп, ес тоқтатып, ел ағасы болып қалған Нұрлан Өнербай өнер саласында біреудің қоржынына қол салып, әсіресе өткендердің әруағын селт еткізгендей сияқты. Мұндай орны толмас қателікті бүгінгі жас әншілер де әдетке айналдырса онда сазгерлердің құны көк тиынға тең болмауына кім кепіл болар екен?. Халықтың адамы болған соң, халықты алдамай адал еңбек ету әрбір ары таза адамның міндеті болуы тиіс, дейді  өнер зерттеуші.

Марат Омаровтың өзі болса замандасы Нұрлан Өнербаевтың бұл қылығы ертеңгі өсіп келе жатқан жас әншілерге көрсетіп отырған теріс үлгі екенін де қоса айтты.

Артымызда қаншама талантты жас сазгерлер мен әншілер өсіп келе жатыр. Алдында үлгі тұтып жүрген ағаларының осындай әрекетін көрген олар, «Ее, осылай да болады екен ғой», — деп туынды иесінің аты-жөнін мүлде елемей жатса оларға не айтамыз? Күндердің күнінде арыдағы Ақан-серімен берідегі Шәмші Қалдаяқов, Нұрғиса Тілендиев, Ескендір Хасанағалиев т.б секілді саңлақтардың ел арасында кеңінен тараған әндерін де өз әнім деп кетпесіне кім кепіл? Бұл тұлғалардың атын тарих бетінен өшіруге жасалған қадамдар болмай ма?-  дейді халықтың сүйіктісіне айналған әнші, композитор.

Ол сондай-ақ Нұрлан  Өнербаевтың осы ән төңірегінде айтқан, «Осы әнді 35 жылдан бері өзім орындап келе жатырмын. Соңғы кезде авторы қызғанып қалды ма, білмеймін, Нұреке, енді өзім орындайын деді», -деген сөзіне де өз уәжін айтты.

Композитор аталған әнін Өнербаевтан бұрын өзі айтып танымал еткенін айтады. Ән қазір әлемнің 9 тіліне аударылып айтылып жүр.

Өнербаевтың өзі орындап жүрген әндерге тек орындаушы ғана емес, автор болғысы келетініне қатысты реніш білдіріп жүрген  жалғыз Марат Омаров емес екен. Ел аузында жүрген, қазақ поэзиясының көрнекті өкілі Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған  «Бауырым» секілді бірнеше тамаша әндердің авторы белгілі сазгер Ержан Белғозиев те әншіге осы тұрғыда реніші барын білдірді.

Бұл туралы сазгердің өзі  Elorda.Info сайтына берген пікірінде айтты.

Орындаушы әннің авторын айтпаған соң, титрға қосып жазбағандықтан халық әннің авторы туралы білмей жатады. Мысалы, менің «Бауырым» деген әнімді  Нұрлан Өнербаев орындады. Көп жерде солай жазылып та жүр. Бұдан халық бұл әннің авторы да Нұрлан Өнербаев деп ойлайды. Тіпті кейде өнерде жүрген інілерімнің өзі, «Аға бұл сіздің әніңіз бе?» деп таң қалып жатады. Осыдан-ақ қарапайым халық тіпті білмейді деп айтуға болады. Авторлардың аты жөні жазылу қажет. Әншілер концертте, той жиындарда айтып жүруі керек. Олар сол әндерді орындап табыс табады. Ал әннің авторына бұл ешқандай пайда әкелмейді. Сондықтан да міндеттеу керек, егер автор айтудан бас тартса, онда эфирге  шығармау керек. Қазір эфирге шығып жүрген әндердің көбі ұрланған әндер. Негізі орындаушы әнді жақсы айтып шығып, сол арқылы халыққа танымал болады. Олардың көбісі автор туралы айтпай, өздерін сазгер ретін де көрсеткісі келеді. Қысқасы, біздің қоғам өнерді ұрлайтын қоғамға айналып кетті,- дейді композитор.

Айтпақшы, Марат Омаров ағамыз Нұрлан Өнербаев орындап жүретін «Қарағым-ай» әнінің авторы белгілі композитор марқұм Кеңес Дүйсекеев те көзі тірісінде  «Әнімді айтып танымал болып жүр, бірақ менің әнім екенін бірде-бір жерде айтпайды», — деп ренжіп жүретініне неше мәрте куә болғанын жеткізді.