Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты тағы бір қылмыстық істі тергеу аяқталды

2022 жылғы наурызда ұсталып, бұл күнде сот үкімімен жазасын өтеп жатқан Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты тағы да жаңа істер тергеліп жатқаны белгілі болды, деп хабарлады Jurtmedia.kz

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің брифингінде ресми өкіл Арман Тілеукенов мәлімдеді.

 Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты 218-баптың 3-бөлігінде қарастырылған қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстату дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Қылмыстық жолмен алынған қаражат пен сол қаржыдан түскен табысқа Қайрат Сатыбалдыұлы түрлі мүлік сатып алған, оның ішінде шетелде алынғандары да бар, қаражатты Қазақстандағы және шетелдегі банктерге салған. Іс сотқа жіберілді. Тағы бір эпизод –салық төлеуден жалтару , бұл дерек бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жалғасуда», — деп мәлімдеді Антикордың ресми өкілі.

Бұған қоса Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі өкілі Сатыбалдыұлының барлық мүлкі бұғатталғанын, олар мемлекетке қайтарылатынын нақтылады. Оның айтуынша қылмыстық істер аясында 2022 жылдың басынан бері жалпы сомасы 912 миллиард теңге болатын тәркіленген мүлік мемлекетке қайтарылған. Бұл активтердің 650 миллиард теңгесі Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі екен.

Айта кетейік, Қайрат Сатыбалдыұлы 2022 жылғы 13 наурыз күні ұсталды. Ол қызмет лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы қаражатын аса ірі көлемде ұрлау фактілері бойынша қамауға алынған болатын. 2022 жылғы қыркүйек айында сот Сатыбалдыұлын кінәлі деп тауып, жазасын орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу үшін алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.

Жақында оның шартты түрде мерзімінен бұрын босатудан бас тартылғаны белгілі болды. Желтоқсан айында Қайрат Сатыбалдыұлының 120 миллион доллар көлеміндегі қаражатты мемлекетке қайтарғаны айтылды.