Жемқорлыққа жол бермеу – басты назарда

Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудағы маңызды қадам – мемлекеттік аппараттың жұмысын оңтайлы әрі тиімді ұйымдастыру. Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бұл бағытта бірқатар кешенді жұмыстар атқарылуда.

Мемлекет басшысының «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына жолдауында мемлекеттік басқару ісін қайта жаңғырту жаңа кезеңдегі басым бағыт ретінде белгіленген. Мұны іске асыру халыққа әділ, адал, ашық қызмет көрсететін, адамға бағдарланған сервистік сипаттағы мемлекеттік аппарат қалыптастыруды көздейді.

Осыған орай, әлемдік тәжірибедегі жетістіктер мен мемлекеттік қызметтің мансаптық және позициялық модельдерінің ұтымды элементтері ескеріліп, елімізде мемлекеттік аппараттың жұмысын тиімді ұйымдастыру жаңаша сипатта өріс алуда. Нақтырақ айтсақ, мансаптық модельге сәйкес, іріктеудің ашық жүйесін қамтамасыз ете отырып, жас мемлекеттік қызметшіге төменгі лауазымдардан бастау арқылы меритократия қағидаты бойынша өсу мүмкіндігі, ал позициялық модельге сай жеке сектордан кәсіби мамандарды тарту тетіктері енгізіліп отыр.

Әлемдік тәжірибеде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға тосқауыл ретінде ротациялау институты кеңінен қолданылады. Қызметшілерді ротациялау олардың кәсіби әлеуеті мен басқару тәжірибесін тиімді пайдалануды жүзеге асырып, сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелдерін азайтады.

Бұған дейін тиісті қызметтік баспаналармен қамтамасыз етуге  мүмкіндіктің шектеулігі ротациялауды тежейтін өзекті мәселелердің бірі болған еді. Агенттік бастамасымен заңнамаға енгізілген өзгерістерге сәйкес, енді басқа елді мекенге ротацияланған қызметшілерге тұрғын үйді жалдау үшін ротациялық төлемдер төленеді. Бұл шара мемлекеттік қызметшілерді ротациялауды кедергісіз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ал бір орнында ұзақ отыру факторын болдырмау сыбайлас жемқорлықтың орын алу тәуекелін азайтады.

Мемлекеттік қызмет жүйесінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың басты құралы ретінде мемлекеттік қызметшілер үшін этикалық стандарттарды белгілейтін Әдеп кодексі қолданылады.

2022 жылы мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексі жаңа редакцияда қабылданды. Онда ашықтық, әділдік, адалдық, сыпайылық, адал ниеттілік, және адамға бағдарлану – мемлекеттік қызметтің негізгі әдептік қағидаттары ретінде белгіленді. Осылайша, қызметшілер жұртшылықпен жұмыс істеуге дайын екенін көрсетіп, өз қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуі, халықтың сұранысына сай қызмет көрсетуі және азаматтардың өтініштерін қарау кезінде әуре-сарсаңға жол бермеуі тиіс.

Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшыларына қоластындағы қызметшілердің сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағаны үшін жауаптылық қарастырылған.

Ағымдағы жылы осы мәселені күшейту мақсатында заңнамаға толықтырулар енгізілді. Енді қоластындағы қызметшісі бірнеше рет немесе ірі және аса ірі мөлшерде сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаса, саяси мемлекеттік қызметшінің тәртіптік жауапкершілігі міндетті түрде қаралатын болады.

Мемлекеттік қызмет көрсету сапасына бақылауды жетілдіру аясында проактивті мониторинг жасау арқылы құқық бұзушылық орын алған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесі басталды. Жүргізілген мониторинг өңірлерде алты жүзге тарта негізсіз бас тарту және толық жауап жолдамау фактілерін анықтап, қызмет алушылардың құқығы қорғалды.

Мемлекеттік қызметтер көрсету саласын одан әрі жетілдіру аясында Агенттікпен «Мемлекеттік қызметтер туралы» Заңға енгізілетін түзетулер әзірленуде. Соған сәйкес, мемлекеттік қызмет көрсету барысында «бас тартусыз рәсімдерге» көшу, көрсетілетін қызметті алушылардың құқықтарын дереу қалпына келтіру жүйесін қалыптастыру қарастырылуда.

Сондай-ақ мерзімдерді есептеу, халықаралық-құқықтық қатынастар институттарын енгізу, клиентке бағдарлану, проактивтік, композиттік, эксаумақтық, көрсетілетін қызметті берушіге сенім және оның дербес жауапкершілігі қағидаттарын енгізу жөнінде ұсыныстар әзірленді.

Мемлекеттік қызмет көрсетуді реттеп отырған нормативті құқықтық базаларды талдау нәтижесі бойынша Агенттікпен тиісті мемлекеттік органдарға анықталған кемшіліктерді жоюға қатысты 470 ұсыныс енгізілді.

Агенттік мемлекеттік қызмет көрсетуде ешқандай құпия болмауы тиіс және ол толықтай ашық болуы керек деген айқын ұстанымда.

Президенттің мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы Жарлығына сәйкес Агенттікпен жүргізілген мониторинг және талдау нәтижелері бойынша бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты 373 ұсыныс әзірленді.

Бұл ұсыныстар сервистік мемлекеттік аппаратты қалыптастыруға және артық бюрократиялық кедергілерді жоюға қатысты болып отыр. Мұның барлығы көрсетілетін мемлекеттік қызметтің жұртшылық үшін ашықтығы мен тиімділігін қамтамасыз етіп, заңға қайшы түрлі әрекеттердің орын алмауына септігін тигізеді деп күтілуде.

Бүгінде Агенттік алдында мемлекеттік қызметшілердің «Адал азамат» идеалдарына сай келетін кәсіби және тұлғалық қасиеттерін үнемі ілгерілету міндеті тұр. Бұл нені білдіреді? Әрбір мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлық көріністеріне, мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, көзбояушылық формализмге, жұмыстың имитациялық сипатына және қызметтің жасанды декларативті элементтеріне жол бермей, жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы керек. Ең бастысы қоғам мүддесін өз мүддесінен жоғары қоя алатын тұлғалық қасиетке ие болуы тиіс.

 

  Дархан ЖАЗЫҚБАЙ

   ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы