Парижде «1812 жыл: Соғыс және бейбітшілік» кітабының таныстырылымы өтті

Қазақстанның Франциядағы елшілігі жанындағы Абай атындағы мәдениет және әдебиет орталығында француз тілінде басылып шыққан «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» трилогиясының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.

Рухани жиынға жергілікті  зиялы қауым өкілдері, студенттер, Париждегі қазақ қауымдастығының өкілдері қатысты.

Шараға қатысқан  Қазақстанның Франциядағы елшілігінің екінші хатшысы Болат Өтеген, Қазақстанның Франциядағы елшілігінің Париждегі консулы Марат Бақтияров Франция еліндегі Қазақ қауымдастығының төрағасы Реджеп Қанай, Абай атындағы мәдениет және әдебиет орталығының төрайымы Баян Жанбауова, Парижде тұратын ақын Төлеген Айбергеновтың қызы Айнар Айбергенова, тәрбие және білім саласының ардагері Надин Пеарьа, Париждегі «ALEM» ассоциациясының вице-президенті Майра Ысқақова, Сорбонна университетінің студенті Тома Кетарлар  туындының құндылығына тоқталып, ойларын ортаға салды.

Өз кезегінде сөз алған туынды авторы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның Құрметті жазушысы Жалғасқали Дүтмағанбетов «1812 жыл: Соғыс және Бейбітшілік (Қазақы нұсқа)» трилогиясының жазылу барысы турасында айтып берді.

«Біз Наполеонның әскерін өкшелеп қуып, Парижге дейін барған орыс әскерінің құрамында шайқасқан қазақтар ерекше ерлік жасағанын француз тарихшыларының айтуы бойынша білдік. Кітаптарда екі жүз жылдық тағдырымыз нақты дерек көздеріне сүйене отырып баяндалды. Архивтік материалдар пайдаланылды» — деді ол.


Бір қызығы, бұл соғысқа автордың бабалары қатысқан. Бір бабасы Франциядан жалғыз қайтпай, Француз қызы Мишель деген сұлуды ала қайтады. Өкініштісі, ол босанып жатқанда көз жұмады. Өмірге ұл келеді, ол өседі, ұрпақ ұластырады. Бүгінде француздың жиеншарлары Атырау облысында біршама. Солардың бойындағы қан үзілмей, арада әлденеше ұрпақ өтсе де, ақ сары, көздері көк болып келеді  екен. Кітапта фотосуреттер де берілген. Соның бірі Доссор ауылында, Байбақты Ата қорымындағы Мишельдің бейітінің суреті.


Қазақ тарихында ашық айтылмай келе жатқан ақтаңдақтар аз емес. Бір әулеттің бұрынғысы мен бүгінгісі үзілмей, жатық тілмен астаса жалғасып жеткізіледі. Әсіре бояудан аулақ үш том автордың өз қаржыландыруы бойынша  аз таралыммен ғана жарық көрді. Тағы бір ерекшелігі, қазақша нұсқасы танымал кәсіби аудармашылардың арқасында орыс, ағылшын және француз тілдерінде де басылып шықты. Аударма сапасына ерекше мән берген автор Абылайхан атындағы Әлем тілдері университетінің ұстаздар ұжымымен берік байланыста болып, аудамашылармен де шығармашылық тұрғыда жұмыс істеген. Соның нәтижесінде өткен кітаптың Франция еліндегі француз тіліндегі нұсқасының таныстырылымы Париж жұртшылығының қызығушылығын тудырды.

                           Салтанат Әбдіғани

Соңғы жазбасы

Бізге Жазылыңыз

Яндекс.Метрика