Халыққа кеңінен танымал бірнеше әндердің авторы, ақын,әнші, композитор Елена Әбдіхалықова биыл мерейлі 55 жасқа толып отыр, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы.
Автор Астана төріндегі Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында өткен бұл жолғы есеп беру кешін «Сағыныш ғұмыр» деп атапты.
Концерт барысында өнер иесінің көпшілік сүйіп тыңдайтын «Есіңе мені алғайсың», «Сыр елі», «Көздеріңе ғашықпын», «Сені көрдім», «Барады жылдар жылжып», «Аманат», «Доспен қоштасу», «Маңғысауым» «Қарағанды» «Ақтөбем» және басқа да әндерін қазақ эстрадасының танымал өкілдері Светлана Айтбаева, Дәурен Сейітжанов, Аида Байгелова, Арайлым Ыбыраева, Мұратбек Хайролда, Өзгеріс Шерікбай сонымен қатар кеш иесінің қызы, жас әнші Шолпан Шарапатова орындады. Бірнеше әндерін автордың өзі де орындап көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
Музыкалық кешті Saz & Soul тобы сүйемелдеп тұрды. Сахнада орындалған әрбір туынды елордалық Музыкалық жас көрермен театры актерлерінің сахналауында музыкалық-поэтикалық композициямен өріліп отырды.
Концерт соңында кеш иесі келген көрермендер мен кештің өтуіне қолдау көрсеткен ҚР Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваға және «Қазақконцерт» басшылығы мен ұжымына өзге де азаматтарға ақжарма алғысын айтты.