Мемлекет басшысы белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының өмірден өтуіне байланысты марқұмның отбасы мен жақын туыстарына көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Jurtmedia.kz ақпараттық-сараптамалық порталы, Ақордаға сілтеме жасап.
Қасым-Жомарт Тоқаев көңіл айту жеделхатында көрнекті абайтанушы ғалымның саналы ғұмырын отандық әдебиеттану ғылымының керегесін кеңейтуге арнаған зиялы тұлға екенін атап өтті.
– Мекемтас Мырзахметұлы бар салиқалы ғұмырын Абай мұрасын зерделеуге, отандық әдебиеттану ғылымының керегесін кеңейтуге арнаған зиялы тұлға еді. Ұлт руханиятының ілгері басуына сүбелі үлес қосып, көптеген шәкірт тәрбиеледі. Ұзақ жылғы қажырлы ізденістерінен туған құнды еңбектері лайықты бағаға ие болды. Ғибратты ғұмыр кешіп, соңына өнегелі із қалдырған Мекемтас Мырзахметұлының аяулы есімі халқымыздың жадында сақталады. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын, – деп жазылған жеделхатта.
Айта кетейік, бүгін белгілі абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлы 95 жасқа қараған шағында қайтыс болды.