Бүгін Ұлыстың ұлы күні құрметіне орай Түркістан облысы, Отырар ауданының орталығы Шәуілдірде көне Балуан тас көтеру рәсімі жаңғыртылды,- деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Оны жергілікті азамат Абылайхан Қалназаровтың өтінішімен ақмолалық айтулы палуан Арман Сүлеймен көтерді.
Тастың салмағы 150 келіден аса. Ол тас аудан орталығында Наурыз мейрамы кезінде көпшілік алдында рәсімі мен шартына сай көтеріліп, тұғырға орнатылды.
Аталмыш іс-шара Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен «Түркістан облысына Балуан тас сапары» экспедициясының 3-күні Отырарға сапар кезінде ұлттық баһадүрлік мұраны жаңғыртуға бағытталған «ҚАЗАҚ КҮШІНІҢ КАРТАСЫ» мәдени-танымдық жобасы аясында жүзеге асырылды.
Абылайхан Қалназаров өз сөзінде:
– Ареке, бұрынғы кездері ауыл-аймаққа әйгілі балуан келсе, зиялы кісілер одан Балуан тас көтеруді өтінеді екен. Бұл рәсімді соңғы рет Отырар ауданында 15 жыл тұрған Қажымұқан атамыз жергілікті милиция бастығы Мырзахмет Сүлейменов үйінде өткен ғасырдың қырқыншы жылдары көтеріпті. Одан беріде 1952 жылы қытай тарапта Дәлелхан палуан көтерді деп естиміз. Ал қазіргі Қазақстан шекарасында кәдімгідей Балуан тас атын атай, Қажымұқаннан кейін рәсім мен шартты сақтап көтерген ешкім жоқ. Сізге осы Шәуілдірліктер атынан өтініш айтайын. Өзара сыйластығымыздың нышаны және күш-қуатыңыздың белгісі болсын! Мына тасты тұғырға орнатып беріңіз, — деп өтініш жасады.
Бұдан әрмен Арман палуан көрсетілген тасты көтеріп, тұғырына қондырды. Осы сәттен бастап ол тас «Балуан тас» мәртебесіне өтті.
Бір қуаныштысы, осы тамаша жиында Абылайхан Қалназаровтың әкесі Мамырайхан Қалназаров ақсақал Арман палуанға бата беріп, астына ат мінгізді.
Мәрттік танытқан Мамырайхан ақсақал өз сөзінде:
Ауылымызға күнде мұндай алып келе бермейді. «Атам қазақта «Балуан келсе, құт» деген сөз бар. Басшылар түсінбесе де тап мұны мен түсінемін. Арман ат емес, темір тұлпар көлік мінгізуге лайық, — деді.
Айта кетейік, қазақ даласында, дәлірек айтқанда оңтүстік өлкеде Қажымұқаннан кейін дәл осындай жойқын тас көтерген кісілер болмады. Осылайша, араға сексен жылдан аса (86 жыл) жыл салып, ұмыт бола бастаған рәсім 2026 жылдың 20 наурызында Қажымұқаннан кейінгі тоқтаған жері – Шәуілдірде қайта жаңғырды. Яғни бұл істің символдық та мәні зор.
Бұл орайда Қажымұқанның көтерген тасының салмағы куәгерлердің сөзіне қарағанда формасы жағынан сандық тәріздес және салмағы 30-40 пұт шамасы болған. Өкінішке қарай ол тас 1969 жылғы аудан аумағында болған су тасқыны кезінде басқа да балуантастармен бірге жоғалған.
