Конституциялық реформалар жөніндегі комиссия Қазақстан Республикасының жаңа Ата Заңының жобасын жариялады,-деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Ата заңның алғашқы жобасының толық мәтіні Конституциялық Соттың сайтында жарияланды.
Конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстанда бір палаталы Парламент құру жөніндегі бастамасының негізінде туындады. Президент бұл идеяны 2025 жылғы 8 қыркүйекте өзінің халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауында елдің саяси жүйесін кешенді жаңғырту және жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі оң серпін беру мақсатында айтқан болатын.
2026 жылғы қаңтарда өткен Ұлттық құрылтайдың V отырысында Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың қорытындысын шығарып, алдағы өзгерістерге қатысты өз көзқарасын білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, сондай-ақ, парламенттік реформа аясында бастапқыда Ата Заңның шамамен 40 бабына өзгерістер енгізу көзделгенін атап өтті. Алайда жұмыс барысында өзгерістер көлемі әлдеқайда ауқымды болатыны айқындалып, олар саяси және қоғамдық өмірдің көптеген өзге де қырларын қамтитыны белгілі болды.
2026 жылғы 21 қаңтарда Конституциялық комиссия құрылды. Оның құрамына Ұлттық құрылтай мүшелері, белгілі құқықтанушылар, орталық мемлекеттік органдардың жауапты қызметкерлері, БАҚ басшылары, мәслихат төрағалары, аймақтық қоғамдық кеңестердің өкілдері, сондай-ақ сарапшылық және ғылыми қауымдастық өкілдерін қоса алғанда 130 адам кірді. Осылайша, Комиссия құрамында Қазақстанның барлық әлеуметтік топтары мен аймақтары толық қамтылды.
Комиссияға Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова басшылық етеді. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева оның орынбасарлары болып белгіленді.
«Комиссияның құрылуын секторлық өзгерістерден кешенді конституциялық трансформацияға өтудің көрінісі ретінде қарастыруға болады. Оның алдында ерекше миссия тұр. Ол – Ата Заңда бір жағынан конституциялық құрылыстың негізгі принциптерін сақтау, екінші жағынан қазіргі заманғы сын-қатерлерге лайықты көзқарасты білдіру мүмкіндігін қамтамасыз ету», – деп атап өтті алғашқы отырыста Конституциялық Соттың Төрағасы Эльвира Азимова.
Комиссияның барлық отырыстары толықтай ашық түрде өткізіліп, тікелей эфирде көрсетілді. Оның жұмысы БАҚ-та кеңінен және егжей-тегжейлі баяндалды. Өз пікірлерін, ескертпелерін және ұсыныстарын белгілі заңгерлер, құқық қорғаушылар, қоғамдық белсенділер, депутаттар, саяси зерттеушілер және басқа да сарапшылар білдірді.
Жұмыс барысында Комиссия мүшелері республиканың Ата Заңының барлық негізгі түзетулерін жан-жақты қарап шықты. Бұл түзетулер Конституцияның барлық бөлімдеріне және 77 бабына қатысты, яғни жалпы мәтіннің 84%-ын қамтыды. Осылайша, Комиссия мүшелері Қазақстанның жаңа Конституциясын әзірлеу мәселесін алға тартты.
Қазақстан Республикасы Ата Заңының тұжырымдамалық өзгерістері мемлекеттің адамға бағдарланғанын арттыруға, Қазақстан халқына тән өзекті құндылықтар мен қағидаттарды көрсетуге, сондай-ақ республикадағы саяси институттар құрылымының тиімділігін арттыруға бағытталған.
Ата Заңымыздың жаңа мәтінінің басты идеясы ретінде білім мен ғылым, мәдениет пен инновация бірден-бір бастауы және егемендіктің иесі Қазақстан халқы болып табылатыны бекітілген.анықталды. Бұл мемлекеттің болашағы минералды ресурстар мен табиғи байлықтармен емес, адами капиталмен және азаматтардың жетістіктерімен анықталатынын көрсететін түбегейлі маңызды бетбұрыс.
Конституция жобасының негізгі новеллаларының ішінде мыналарды атап өтуге болады:
- 145 депутаттан тұратын және жаңа, кеңейтілген өкілеттіктерге ие бір палаталы жаңа Парламент – Құрылтай құрылады. Оны құру кезінде пропорционалды сайлау жүйесі қолданылады, ал депутаттардың өкілеттік мерзімі 5 жылды құрайды.
Пропорционалды жүйе партиялардың кадрлық саясатын дамытуға, олардың институционалдық рөлін арттыруға және саяси күштердің қоғам алдындағы жауапкершілігін күшейтуге ықпал етеді.
- Жаңа жалпыұлттық диалог платформасы – Қазақстанның Халық Кеңесі құрылады, ол Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың стратегиялық функцияларын жалғастырады. Бұл Қазақстан халқының мүдделерін білдіретін, заң шығару бастамасы құқығына ие жоғарғы консультативтік орган болады.
- Вице-президент институтын құру. Ол ҚР Президентінің атынан Қазақстан мен шетелдердің қоғамдық-саяси, ғылыми және мәдени-ағартушылық ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасасуды жүзеге асырады.
- Адвокаттық қызметке және адвокатураға арналған арнайы бап алғаш рет Конституцияда бекітіледі.
- Зияткерлік меншік құқығын қорғау қамтамасыз етіледі.
- Азаматтарға жаңа міндеттер жүктейтін немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдарға, сол құқық бұзушылық үшін қайтадан жауапқа тартуға жол бермеуге тыйым салуды және кінәсіздік презумпциясы қағидаттарына, қоса алғанда, азаматтардың құқықтарына кепілдік күшейтіледі.
- «Миранда ережесі» бекітіледі.
Жалпы, Конституцияның жаңа редакциясының алғашқы жобасында Преамбула, 11 бөлім және 95 бап бекітілу ұсынылады.
Ұсыныстар қабылдау e-Otinish және eGov порталдары арқылы жалғасып жатыр.
Жаңа Конституция бойынша нақты шешімді еліміздің азаматтары жалпыұлттық референдумда қабылдайды. Бұл туралы кеше Мемлекет басшысы Комиссия төрағасы мен оның екі орынбасарын қабылдау кезінде тағы бір мәрте атап өтті.
