Алматыда «Халық батыры – Бауыржан Момышұлының тарихи тұлғасы мен рухани мұрасы арқылы жастарды патриотизмге тәрбиелеудің өзекті мәселелері» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті, деп хабарлайды Jurtmedia ақпараттық-сараптамалық порталы.
Жиынды «Орталық мемлекеттік архив» РММ мен «BAYTAQ» жасылдар партиясының Алматы облыстық және Алматы қалалық филиалы ұйымдастырды.
Конференцияның ашылуында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаева Мемлекет басшысының арнайы сәлемдемесін жеткізіп, құттықтау сөз сөйледі. Ол өз сөзінде Бауыржан Момышұлының ел тарихындағы орны мен оның ерлікке, отансүйгіштікке үндейтін рухани мұрасының бүгінгі жас ұрпақ үшін маңыздылығына тоқталды.
Жиынға еліміздің көрнекті қоғам және мемлекет қайраткерлері, ғалымдар мен зиялы қауым өкілдері қатысты. Атап айтқанда, жазушы, қоғам қайраткері, қазақтың ұлттық дәстүрлерін насихаттаушы, батырдың келіні Зейнеп Ахметова, академик, экономика ғылымдарының докторы Оразалы Сәбден, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Аягүл Төреқызы, белгілі жазушы, қоғам қайраткері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Нағашыбек Қапалбекұлы, ғалым, қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Парасат» ордені мен «Тіл жанашыры» құрмет белгісінің иегері Асылы Осман мазмұнды ой-пікірлерімен бөлісті.

Сонымен қатар, мемлекет қайраткері Серік Сейдуманов, тарихшы-ғалым, академик Хангелді Әбжанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор Берекет Қәрібаевтар да өз ойларын ортаға салды.
Одан кейін «BAYTAQ» жасылдар партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Ұлықбек Нағашыбекұлы қатысушыларға құттықтау сөз арнады.

Конференцияның модераторы әрі негізгі баяндамашысы тарихшы Сәбит Шілдебай болды. Ол Бауыржан Момышұлының тарихи тұлғасы, әскери-патриоттық мектебі және оның тәлімдік мұрасын қазіргі білім беру мен тәрбие жүйесінде тиімді пайдалану мәселелеріне жан-жақты тоқталды. Жиын соңында арнайы қарар қабылданды.
Қарардың маңызды бөлігі – оның сөз жүзінде қалмауы. Осы мақсатта «Тұлпар» ат спорты кешенінде «Ерлік пен рух жолы» – Бауыржан Момышұлының 115 жылдығына арналған спорттық турнирлер жылы жарияланды. Осы бойынша нақты жұмыстар атқару туралы тапсырма конференция қатысушыларының атынан «Тұлпар» ат спорты кешенінің басшылығына жүктелді.
Қарар бойынша, жыл бойы ат спорты, футбол, тоғызқұмалақ, бокс, садақ ату, каратэ, кикбоксинг, таэквондо, гимнастика, шахмат және жасөспірімдер арасындағы спорт фестивальдері өтеді. Жыл соңында қорытынды гала-кеш ұйымдастырылады. Сонымен қатар, Бауыржан Момышұлының әскери ілімі мен психологиясын барлық деңгейдегі әскери оқу орындары мен әскери бөлімдерде, ЖОО мен орта және арнайы оқу орындарының әскери дайындық сабақтары мен Әскери кафедраларында кеңінен оқытуды жүзеге асыру – ҚР Қорғаныс министрлігіне ҚР Ғылым және жоғарғы білім министрлігі мен Оқу-ағарту министрлігіне, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігіне ұсынылады.
Іс-шара аясында Бауыржан Момышұлы туралы деректі фильм көрсетіліп, тақырыптық көрме ұйымдастырылды. Сондай-ақ зерттеуші-ғалым, баспагер, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының иегері Мұхтар Қазыбекке 75 жылдық мерейтойына орай, сый көрсетіліп шапан жабылды.
Конференцияға заң ғылымдарының докторы Өмірәлі Қопабаев, басқа да қоғам қайраткерлері мен қаламгерлер қатысты. Жиын барысында Зейнеп Ахметова, Асылы Осман және Аягүл Төреқызына да арнайы сый-сияпат көрсетілді.
Аталған ғылыми-практикалық конференцияны ұйымдастырушылардың айтуынша, мақсат Бауыржан Момышұлының өшпес ерлігі мен рухани мұрасын насихаттауға, жастардың бойында патриоттық рухты нығайту.
